«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Мемлекет басшысына кәсіпкерліктің төтенше жағдай режимі және карантин шектеулерінен кейінгі жағдайы туралы айтты. Тимур Құлыбаев бизнестің зардап шеккен салаларының түйткілді мәселелерін талқылау бойынша жұмыс кездесулердің өткенін айтып, оның алдын ала қорытындысы туралы ақпарат берді. «Атамекен» ҰКП бастамасы бойынша бизнес-қоғамдастықтың өкілдерімен өткен бірлескен кездесулерге Премьер-Министр, Үкімет мүшелері, облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері қатысты.
Мемлекет басшысына жұмыспен қамту және қолдау шараларының тиімділігіне қатысты кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнамалардың қорытындысы туралы да баяндалды. Аталған сауалнамаларға 65 мыңға жуық бизнес субъектісі қатысқан. Бұдан бөлек, Қазақстан Президентіне Үкімет, жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ҰКП-ның бірлесіп, Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі бірыңғай ахуалдық орталық ашу туралы ұсыныс айтылды.
Ақпарат көзі: http://www.akorda.kz