Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шығыс Қазақстан облысының экономикалық ахуалы жайында есеп беріліп, аймақтың қысқа мерзімді және келер жылға арналған даму жоспары, оның ішінде, өнеркәсіп өнімдері, ауылшаруашылығы, өндіріс салалары бойынша атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндалды.
Мемлекет басшысы облыстың медициналық әлеуетін арттырып, коронавирус індетінің екінші толқынына дайын болу керектігін айтты. Даниал Ахметов өңірдегі жұқпалы аурулар ауруханаларындағы төсек-орындардың санын 10 есеге көбейгенін, Президенттің тапсырмасына сәйкес тұрақтандыру қоры құрылғанын, жалпы құны 18 миллиард теңгеге медициналық құрал-жабдықтардың сатып алынып жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар облыс басшысы өңірдегі ауылшаруашылығы саласының құрылымы өзгеріп жатқаны, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстар жайында ақпарат берді. Әкімнің айтуынша, Өскемен – Талдықорған, Семей – Майқапшағай күре жолдары қазан айының соңына дейін пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек Даниал Ахметов Абайдың 175 жылдығы аясында жасалған жұмыстардың нәтижесімен таныстырды. Биыл Семей қаласындағы автомобиль жолдары жөнделіп, 300 балаға арналған мектеп салынған. Тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, мұражай кешені толықтай жаңартылған.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, облыстың ауылшаруашылық саласындағы экспорттық әлеуетін арттыруды тапсырды.
Ақпарат көзі: http://www.akorda.kz