Президент мемлекеттік қолдаумен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған азаматтармен кездесті. Оларға арнап Қызылжар ауданының Чапаево ауылында баспана салу жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылған болатын. Бүгін Мемлекет басшысы жаңа тұрғын үйлерді аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап ауыл әкімдері тұңғыш рет сайланатынын, бұл бастама демократияның айқын көрінісі екенін айтты.
– Әкімдер ауылдағы проблемаларды бәрінен жақсы біледі. Сондықтан ауыл тұрғындары өздерінің мәселелерін ең алдымен сіздерге айтады. Көптеген арыз-шағымдарды жергілікті жерде шешуге болады. Әсіресе ауылдық жерлерде ауызсу мәселесін шешу өте өзекті. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру маңызды. Соның нәтижесінде жергілікті жерлердегі инфрақұрылым дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады. Облыста бұл мәселе тиісті деңгейде іске асырылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі мен мемлекеттік басқару мәселесіне де тоқталды.
– Мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда мемлекеттік қызмет жүйесі жабық болмауы керек екенін айттым. Бізге ойы ұшқыр, ақылды жастар керек. Бізде Тұңғыш Президентіміздің саясатының арқасында өте жақсы білім алған жастар көп. Сондықтан біз Мемлекеттік қызметке жастарды шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Президентке өзге өңірлерден көшіп келген дәрігер, мұғалім, механизатор және басқа да мамандық иелеріне гранттар берілетінін, сондай-ақ, олар жаңа жалдамалы баспанамен және жұмыспен қамтамасыз етілетінін айтты.
Ауылдарда баспана салуға бағытталған облыстағы аталған пилоттық жобаның жүзеге асырылып жатқанына екі жыл болды. Былтыр аталған жоба аясында елді мекендерде 428 үй салынса, биыл 788 баспана тұрғызылады. Былтыр облысқа 736 отбасы, барлығы 2,2 мың адам көшіп келген. Биыл 700 отбасы немесе 2,4 мың адам қоныс аудармақ.
Кездесу соңында ауыл әкімдері мен өңірге жаңадан қоныс аударып келген тұрғындар мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.
Ақпарат көзі: http://www.akorda.kz