Президентке интернет байланысының, әсіресе, ауылдық жерлердегі сапасы мен қолжетімділігін арттыру, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын трансформациялау, сондай-ақ, мемлекеттік қызметті онлайн форматқа көшіру жұмыстары туралы министрліктің есебі берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа инновациялық экожүйені қалыптастыру жолдары, аэроғарыш саласын дамыту, сонымен қатар, экспортқа шығарылатын бәсекеге қабілетті өнім әзірлеу үшін IT саласы бойынша кәсіби мамандар даярлау жоспары жөнінде баяндалды.
Мемлекет басшысы білім беру платформасын дамытудың, қашықтан білім беру үдерісіне техникалық тұрғыдан көмек көрсетудің, мемлекеттік қаржылай қолдау шараларын электронды оқулықтар мен цифрлық білім беру ресурстарын дамытуға бағыттаудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Бағдат Мусинге мемлекеттік қызметті пайдалану кезінде биометрия тетіктерін енгізу, цифрландыруды басқару жүйесіне реформа жүргізу, «Зерде» холдингінің рөлі мен жауапкершілігін арттыру жөнінде бірқатар міндет жүктеді. Мемлекет басшысы радиотолқындарды бөлудің ашық тетіктерін енгізуді тапсырды.
Ақпарат көзі: http://www.akorda.kz