Қазақстан Президенті Үкімет мүшелерімен, бірқатар орган басшыларымен, қалалар мен облыстардың әкімдерімен видеоконференция режимінде кеңес өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде пандемия кезінде отандық дәрігерлердің тиісті тәжірибе жинағанын, бұл дерттің негізгі белгілерін айқындап, онымен күресу жолдарын үйренгенін атап өтті. Осы аралықта еліміздің денсаулық сақтау саласы біршама нығайып, жаппай тестілеу жұмысы жолға қойылды. Науқастармен байланыста болғандарды анықтау ісі жетілдірілді. Бизнес өкілдері де жаңа ахуалда жұмыс істеуге бейімделе бастады. Ең бастысы, азаматтарымыздың пандемияға деген көзқарасы өзгерді.
– Пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ескеруіміз керек. Бүгінде бүкіл әлем «ковид теңдеуі» деп аталатын күрделі мәселені шешудің алдында тұр. Мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді. Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқылықтардың кесірі түрлі теріс пиғылдардың асқынуына, оның ішінде, қылмыстың өршуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау, – деді Мемлекет басшысы.
Президент кейбір өңірлерде аталған дертпен ауырғандар санының артуына байланысты жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығына назар аударды. Мемлекет басшысы өз сөзінде індет жұқтырғандардың барынша нақты есебін алу вируспен күрестің басты талабы екенін айтты.
– Бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылданған шаралар толық жүзеге асырылмай отыр. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен. Бұл – аксиома. Мұндай жағдай әлемнің көптеген елінде байқалуда. Аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, медициналық статистиканы бағалау және талдау жөнінде кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарының толық дайын болуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұл әскери медицинаға да тікелей қатысты. Себебі олар індетпен күресу үшін шұғыл күш жұмылдыруға және құралдармен жабдықтауға дайын болуы тиіс.
– Медициналық ұйымдарға жүргізілген бағалау қорытындысы олардың дайындық деңгейінің әлі де төмен екенін көрсетті. Денсаулық сақтау нысандарының жартысынан астамында заң бұзушылықтар анықталған. Ауруханалар аймақтарға толық бөлінбеген. Нәтижесінде емделушілер мен аурухана қызметкерлерінің індет жұқтыру қаупі сақталып отыр. Шын мәнінде, барлық өңірлерде жан сақтау бөлімшелерінің тиісті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілмегені көрінді. Атап айтқанда, коронавирус індетімен қатты ауырған науқастарды емдеуге қажетті жекелеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жетіспеушілігі байқалады. Өңірлер емдеу хаттамасында көрсетілген дәрі-дәрмектерді емес, өздерінің білгені бойынша препараттар сатып алуда, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Ол медициналық ұйымдардың, дәріханалардың не сатып алғанын, жалпы бірыңғай дистрибьютердің қоймаларындағы дәрі-дәрмек қорын анықтауды талап етті.
Үкімет әкімдерімен бірлесіп, бекітілген емдеу нормалары мен хаттамасына сәйкес келетін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың сатып алынуын қамтамасыз етуі керек.
– Менің тапсырмам бойынша ПТР сынамалары мен медициналық бетперделердің бағасы төмендетілді. Мұндай оң бастаманы халық бірден сезінді. Осындай жұмыстарды медициналық дәрі-дәрмектерге, ең алдымен, коронавирусқа қарсы медикаменттерге қатысты жүргізу қажет. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Мемлекеттік кіріс комитетімен бірлесіп, аталған мәселені қарастыруды тапсырамын. Жалпы Агенттік дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын реттеу ісіне ат салысып, фармацевтикалық бизнестегі картельдерді әшкерелеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекет тарапынан коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы санитарлық талаптар мен шектеу шараларының сақталуына компания басшыларының және бизнес иелерінің жауапты екенін еске салды. Соңғы уақытта ірі кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарында вирус жұқтырғандарың саны арта бастады. Қоғамдық көліктердегі санитарлық жағдай және азаматтар көп шоғырланатын орындарда әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы алаңдаушылық тудыруда.
– Ата-аналар шыдамдылық танытып, қазіргі ахуалға түсіністікпен қарауы керек. Осындай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасып отыр. Біз білім сапасының төмендеуіне жол бермеуіміз қажет. Оқыту нәтижесіне мониторинг жүргізіп, білім саласындағы олқылықтарды жою үшін уақтылы шаралар қабылдау керек. Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп, шектеу шараларына қарамастан, білім сапасын бақылауды күшейтуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін қажетті көлемдегі қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл үшін Үкімет отандық бетперделер мен басқа да жеке қорғаныш құралдарын өндірушілерді кепілді көлемдегі шикізатпен қамтамасыз етудің тетігін әзірлеуі тиіс. Пандемияға қарсы барлық шаралар мейлінше ашық болуы қажет.
– Үкімет жемқорлыққа жол берілуі мүмкін барлық учаскелерді қатаң бақылауға алуы тиіс. Пандемияның бірінші толқыны кезінде жемқорлықпен бетпе-бет келдік. Бұл – медициналық бетперделер мен дәрі-дәрмек бағасын арттыру, бақылау-өткізу пунктеріндегі құқық бұзушылықтар, медицина қызметкерлеріне төлем тағайындау кезіндегі жемқорлық. Бақылаушы органдардың, яғни, полиция қызметкерлерінің, әкімдіктер мен мониторинг өткізетін топтардың жұмыс сапасына ерекше назар аудару қажет. Пандемия кезінде оларға бизнес пен азаматтарды тексеруге зор, яғни, төтенше өкілеттіктер берілді деуге болады. Бұл өзін-өзі ақтады. Мұндай өкілеттіктерді дұрыс қолданған жөн, оны асыра пайдалануға болмайды. «Кімді және қашан тексеретінімді өзім білемін» деген қағидаға жол берілмесін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген қиындықтар мен дағдарыстар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын тағы да атап өтті. Айтарлықтай жетістіктеріміз де бар. Мәселен, екі бірдей отандық вакцина келешегі зор әлемдік биоқұралдардың қатарына енгізіліп, қазіргі уақытта оларға клиникалық зерттеулер жүргізілуде.
– Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндет – отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу. Уақытша тіркеу тәртібін жеңілдетіп, вакцинаның тәжірибелік-өнеркәсіп және өнеркәсіп өндірісіне арналған зауыт құрылысын аяқтау қажет. Мен Ресей Президентімен ресейлік вакцина өндірісі зауытының құрылысы бойынша келісімге келдім. Үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап та кетті. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру маңызды. Мұндай шараларды дамыған мемлекеттердің бәрі қабылдап жатыр. Парламенттің осы сессиядағы жұмысы аяқталғанға дейін депутаттардың қарауына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі заң жобасын енгізу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Президент барша азаматтарды тәртіпті қатаң сақтауға, уақытша шектеу шараларына түсіністік танытуға шақырды. Ең алдымен, бұл барша қазақстандықтардың денсаулығы үшін қажет. Мемлекет басшысы дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге және пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген барша азаматтарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ кеңесте Премьер-Министр Асқар Мамин, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақов сөз сөйледі.