Басты бетМемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты

Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты

Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты

Душанбе қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин (бейнебайланыс режимінде), Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Арменияның Премьер-Министрі Никол Пашинян, сондай-ақ, ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы  Станислав Зась шағын құрамда кездесу өткізді, содан кейін келіссөз делегациялар мүшелерінің қатысуымен жалғасты.

Мемлекеттер басшылары Ауғанстандағы ахуалға, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, 2021 жылғы Ұйым қызметінің басым бағыттарының жүзеге асырылуын қорытындылап, алдағы кезеңге арналған жоспарын анықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын форматта өткен кездесу барысында өз әріптестеріне қатысушы мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері жөніндегі Қазақстанның ұстанымын айтты. 

– Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тамыз айында кезектен тыс өткізілген сессиясында Ауғанстандағы түбегейлі өзгерген ахуалға байланысты туындаған сын-қатерлер мен қауіпті егжей-тегжейлі талқыладық. Қазақстан тараптардың осы кездесуде айтқан тәсілдері мен ұсыныстарын қолдайды. Оларды іске асыру үшін нақты жұмыс істеуге дайынбыз. Біріккен штаб жанынан Жедел мониторинг тобын құру жөніндегі тәжік тарапының бастамасын дер кезінде ұсынылды деп санаймыз. Бұл Ауғанстандағы жағдайды қадағалап отыру мақсатында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының іс-қимылдарын ұйымдастыру үшін қажет. Елдеріміздегі террорлық ошақтарды анықтап, ауыздықтау жөніндегі, сондай-ақ, экстремизм мен терроризм үгітіне қарсы күрес жұмыстарын күшейту қажеттігі туралы әріптестеріміздің пікірлерін қолдаймыз. Оңтүстік шекара әрі ҰҚШҰ-ның өзіндік «қауіпсіздік белдеуі» саналатын тәжік шекарасын бекемдеуге жан-жақты көмек көрсету қажет деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ауғанcтан босқындарын және елдеріміздің аумағында шетелдің әскери базасын орналастырудың тиімсіздігі туралы ортақ ұстанымды қолдады. Сонымен қатар гуманитарлық көмек пен ауған халқына халықаралық қолдау көрсетудің маңыздылығы ескеріліп, БҰҰ-ның Ауғанстандағы Миссиясының қызметкерлері Алматы қаласында уақытша орналастырылғанын айтты.

– Біздің бақылауымызша Ауғанстандағы жағдай аса қатты тұрақсызданып, азамат соғысына ұласуы мүмкін.  Жаңадан уақытша үкімет құрылды. Оның құрамы мен ниеті туралы әлемде әртүрлі пікір бар. Жаңа тәліп әкімшілігінің құрылуы Ауғанстанда бейбітшіліктің орнағанын және экономикалық тұрғыдан даму үшін қажетті жағдайлар жасалатынын білдірмейді. Бұл жерде күтпеген кедергілер бары анық, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Ауғанстандағы ахуалдың ушығуына алаңдайтынын білдірді. Оның пікірінше, осы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай гуманитарлық дағдарысқа қарай бет алған.

– Ауғанстанмен арадағы қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды мүмкіндігінше қайта қалпына келтіру маңызды деп санаймын. Ауғанстандағы ұзақмерзімді стратегиялық ұстанымдарын әзірлеуге қатысты жаңа биліктің қызметін мұқият бақылауды жалғастыру қажет деп ойлаймын. Біздің негізгі бағдарымыз – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі. Қазақстан оны толық қолдауға ниетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан БҰҰ аясында Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі Ресеймен және ҰҚШҰ-ға мүше басқа да әріптестерімен өзара іс-қимыл жасауға ниетті.

– Ауғанстанның жаңа билігімен іс-қимылдарды үйлестіру және ықпалдастықты қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауды ұсынамын. Жаңа ауған билігінің шекаралас мемлекеттер мен аймақтарға терроризм қаупінің таралмауына жол бермеу жөніндегі міндеттемелерін орындауы – біздің айқын басымдығымыз. Бұл есірткі тасымалы мен заңсыз көшуге қатысты. Олармен күрес барлық мүдделі тараптардың ұжымдық күш-жігерін талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент  әлемдік геосаясатта оң өзгерістер бар екенін атап өтті.  

– Олардың ішіндегі негізгісі – Ресей мен АҚШ президенттерінің Женевада өткен кездесуі. Оның қорытындысы бойынша екі ірі ядролық держава арасындағы стратегиялық теңгерімді сақтау мәселелері жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. ҰҚШҰ аясында біз Ресей мен АҚШ арасындағы стратегиялық шабуыл қарулары туралы шартты ұзартуды саяси тұрғыдан қолдайтынымызды білдірдік, – деді Президент.

Отырыс барысында Қазақстан халықаралық үш келісімнің қабылдануын құптады. Атап айтқанда, юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері, ҰҚШҰ әскерлерін материалдық-техникалық қолдау және медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ Бітімгерлік қызмет туралы келісім Хаттамасы.

– Бұл құжаттардың мәні зор, олар жан-жақты пысықталып, онда тараптардың ұстанымдары ескерілді. Аталған құжаттарға қол қойылуын құптаймыз. Желтоқсан сессиясында айтылған ұсынысымды іске асыруда Бас хатшының бітімгерлік жөніндегі арнаулы өкілі туралы шешімді қабылдаймыз. Қолдағандары үшін барша әріптестеріме алғысымды білдіремін. Осындай институттың құрылуы Ұйымның жұмысына тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы БҰҰ аясында Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынысын қолдағаны үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев барша әріптестерін бұл бастаманы БҰҰ-да ілгерілету ісінде Қазақстанды қолдауға шақырды. 

Қазақстан Президенті сөзінің соңында ҰҚШҰ-ға табысты төрағалық еткені үшін Эмомали Рахмонға алғыс айтып, Ұйымға төрағалық ету кезегі келген армян әріптестерімен белсенді ынтымақтастық орнатуға әзір екенін жеткізді.

Саммит қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдады. Қазақстан Президентінің айтуынша, бұл жұмысымыздың маңызды бағдары және әлемдік қоғамдастыққа берілген айқын белгі.

Сонымен қатар төмендегі құжаттарға қол қойылды және қабылданды:

  • Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумақтарында ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдары құрамаларының уақытша орналасуына қатысты істер бойынша юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі келісім.
  • Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Әскерлерін (Ұжымдық күштерін) бірлесіп материалдық-техникалық және медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі келісім.
  • Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бітімгерлік қызметі туралы 2007 жылғы 6 қазандағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама.
  • Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қоюдың 30 жылдығына және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 20 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары туралы» шешімі.  
  • Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы байланысының қорғалған мультисервистік жүйесінің схемасы туралы» шешімі. 
  • Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Бас хатшысының бітімгерлік мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі туралы» шешімі.
  • Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының төрағасы туралы» шешімі.
  •  Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бірлескен штабының бастығы туралы» шешімі.
  • Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 2020 жылға арналған бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебі туралы» шешімі.
  •  Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 2022 жылға арналған бюджеті туралы» шешімі.
  • Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясын өткізу уақыты мен орны, Ұйымға төрағалық ету туралы» хаттамалық шешімі.