Басты бетМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельмен телефон арқылы сө...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельмен телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельмен телефон арқылы сөйлесті

Еуропалық тараптың бастамасымен Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельмен телефон арқылы сөйлесті.

Президенттер Ауғанстандағы қазіргі жағдай бойынша жан-жақты пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельдің сұрауы бойынша, Қазақстанның ауған мәселесіне қатысты ұстанымын білдірді. Мемлекет басшысы әлемдік ұйымға қолдау көрсету мақсатымен БҰҰ-ның Ауғанстандағы кеңсесін Алматыда уақытша орналастыру туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ауған студенттеріне де тиісті көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Мемлекет басшысы ауған мәселесіне қатысты, соның ішінде Ауғанстанда да Қазақстан мен Еуропалық Кеңес тығыз қарым-қатынас орната алады деп есептейді. Қазақстан Еуропалық Одақ елдерінің азаматтарын эвакуациялаған ұшақтарға өз әуежайларында жанар-жағар май құюға мүмкіндік жасағаны туралы айтылды.

Тараптар заңсыз миграция, есірткі тасымалы, адам және қару-жарақ саудасының алдын алу бойынша ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін білдірді. Қазақстанның дипломатиялық және өзге де салалық ведомстволары аталған мәселелер бойынша Еуропалық Кеңеске консультативтік көмек бере алады.

Мемлекет басшысы Ауғанстанда барлық этностық топтардың қатысуымен инклюзивті үкімет құрылғаннан кейін жағдайдың тұрақталатынына үміттенеді. Бұған соғыстан зардап шегіп отырған барлық ауған халқы мүдделі.

Еуропалық Кеңестің Президенті мазмұнды сұхбатқа ризашылығын білдіріп, ауған тақырыбындағы көп мәселе бойынша көзқарастарының ортақ екенін атап өтті. Шарль Мишель Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл соңына дейін болатын Брюссельге сапары барысында жеке кездесетініне сенім білдірді. Сол сапарда Қазақстан мен Еуропалық Кеңестің ынтымақтастығы бойынша күн тәртібіндегі ауқымды мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасатынын айтты.