Басты бетҚазақстан Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты

Қазақстан Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты

Қазақстан Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты

Мемлекет басшысы салтанатты жиындағы сөзінде, «бұл – Қазақстанның корей жұртына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі» деп атап өтті.

– Мұндай іс-шаралардың тарихи мән-маңызы айрықша. Қазақтар да, корейлер де Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Нағыз батыр, шынайы отансүйгіш. Генерал тағдырдың жазуымен өмірінің соңғы жылдарын қазақ жерінде өткізді. Содан бері қанша жыл өтсе де атажұртында батырдың ерлігі ұмытылған жоқ. Оны біздің халқымыз да жақсы біледі. Қызылорда қаласында Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған. 2018 жылы батырдың туғанына 150 жыл толды. Қазақстан халқы Ассамблеясы осыған орай арнайы конференция өткізді. Генералдың есімі қазақ елінің жадында сақталады. Оның мемориалы мемлекет қамқорлығында болады, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде корей ұлтының көптеген өкілі Қазақстанға еріксіз қоныс аударғанын, олардың арасында Ге Бон У, Цай Ден Хак, Ким Ман Сам сияқты танымал тұлғалар барын атап өтті.

– Жер аударылған корейлерді халқымыз бауырына басып, паналатты. Олар қазақ елінде өсіп-өніп, нағыз отандастарымызға айналды. Біздің елде әр этностың өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалған. Корей диаспорасы да осы игілікті көріп отыр. Елімізде Қазақстан корейлерінің қауымдастығы бар. Корей мәдени орталықтары мен Корей театры жұмыс істейді. Сондай-ақ, корей тілінде газет шығады. Корей бауырларымыз көптеген салада табысты еңбек етуде. Олардың ел экономикасын өркендетуге қосып жатқан үлесі зор. Қазақстанда тұратын корейлер екі елдің қарым-қатынасын дамытуға да белсенді атсалысып жүр. Біздің ынтымақтастығымыз болашақта осындай достық рухта нығая береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Мун Чже Инге Корей халқының ұлттық батыры Хон Бом Доның қабірінен алынған топырақты табыстады.

Корея Республикасының Президенті Мун Чже Ин Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор ризашылығын білдіріп, ұлт батыры Хон Бом Доға ең жоғары мемлекеттік награда берілгенін хабарлады.