Басты бетОрталық Азия Мемлекет басшылары Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме

Орталық Азия Мемлекет басшылары Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме

2021 жылғы 6 тамызда Түрікменбашы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті, Қырғыз Республикасының Президенті, Тәжікстан Республикасының Президенті, Түрікменстан Президенті және Өзбекстан Республикасының Президентінің қатысуымен Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі өтті.

Мемлекеттер басшылары достық, өзара құрмет пен сенім, сындарлық және өзара түсіністік жағдайында өткен келіссөздердің қорытындылары бойынша,

тарихи қалыптасқан достық және тату көршілік қатынастар негізінде өңірлік ынтымақтастықты дамытудың үдемелі процесін атай отырып,

Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарын негізге ала отырып және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларын сақтауға өзінің берік бейілділігін растай отырып,

өзара құрмет, тең құқылық, бір-бірінің мүдделерін ескеру негізінде келіссөздер мен консультациялар арқылы Орталық Азия өңірін дамытудың өзекті мәселелерін қарау және шешу қажеттігін атап көрсете отырып,

өз мемлекеттерінің өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде ашық және кең ауқымды өзара іс-қимылға әзірлігін атай отырып,

саясат, орнықты және тұрақты даму, сауда-экономикалық және инвестициялық-қаржылық, көлік-коммуникациялық, су-энергетикалық, ақпараттық-технологиялық, экологиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қоса алғанда, өзара мүдделілік білдірілген барлық салалардағы қатынастарды одан әрі кеңейтуге және нығайтуға деген жалпы ұмтылысты негізге ала отырып,

Орталық Азия мемлекеттерінің маңызды жаһандық және өңірлік проблемаларды шешудегі бірлескен бастамаларының әлемдік аренада елеулі нәтижелері бар екенін атап өте отырып,

жаһандық сын-тегеуріндер мен қауіптерге, оның ішінде коронавирустық инфекция пандемиясына қарсы іс-қимылда, сондай-ақ оның теріс салдарын бірлесіп еңсеруде өңір мемлекеттерінің тығыз әріптестігінің маңыздылығын атап көрсете отырып,

Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының жүйелі түрдегі Консультативтік кездесулері өңірдегі көпжақты мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарды талқылауға және енгізуге мүмкіндік беретінін тағы да растай отырып,

төмендегіні мәлімдейді:

1.      Мемлекетер басшылары биылғы Консультативтік кездесу Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтеді.

Осы орайда Тараптар аталған форумның Орталық Азия елдері арасындағы қатынастарды одан әрі нығайту және дамыту ісіндегі тарихи маңыздылығын айрықша атап көрсетеді.

2.     Тараптар екіжақты және көпжақты іс-шаралар өткізу, Орталық Азия өңірінің барлық мемлекеттерінің бейбіт дамуына, өркендеуі мен тұрақтылығына жәрдемдесу мақсатында өзара сапарларды жүзеге асыру жолымен көпжақты өзара іс-қимылды кешенді дамытудың өзектілігі мен қажеттілігін растайды.

3.   Тараптар Түрікменбашы қаласындағы Консультативтік кездесу қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сауда, экономика және инвестициялар, көлік және транзит, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі салаларында өнеркәсіптік кооперация, су-энергетикалық ресурстар, қоршаған ортаны қорғау, туризм, ғылым, білім, мәдениет және гендерлік теңдік мәселелерінде өңірлік өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалық бағыттарын, нысандары мен тетіктерін жан-жақты қарауға мүмкіндік бергенін атап өтеді.

4.      Мемлекет басшылары өз елдерінің әлеуетін өңірде қауіпсіз, тұрақты, кең және ашық әріптестікке арналған кеңістік қалыптастыру мүддесіне пайдаланудың маңыздылығын атап өтеді.

Осыған орай Тараптар сыртқы істер министрліктері, дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктері мен басқа да халықаралық ұйымдар желісі бойынша консультациялар өткізудің, байланыстар мен оларды нығайтудың маңыздылығын атап көрсетеді.

5.      Тараптар БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялаған биылғы 2021 жылы халықаралық қоғамдастықтың Біріккен Ұлттар Ұйымы тұлғасында қабылдаған кең ауқымды және ұзақ мерзімді стратегияларды, тұжырымдамалар мен бағдарламаларды іске асыру ісінде нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық аренадағы шоғырланған қызметін жандандыру қажет деп есептейді.

6.     Мемлекеттер басшылары 2021 жылы Орталық Азияда, Ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылуының 15 жылдығы, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығы аталып өтетініне ерекше тоқталды.

Осыған байланысты Президенттер Орталық Азиядағы, Ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты іске асыру бойынша өңір мемлекеттерінің белсенді ынтымақтастығын жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді және ядролық қарусыздану мен таратпау ісінде күш-жігерді шоғырландыру мақсатында басқа да ядролық қарусыз аймақтармен өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті.

7.     Тараптар көрші Ауғанстандағы жағдайдың жуық арадағы реттелуі Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мен нығайтудың маңызды факторларының бірі болып табылатынын растайды. Осыған орай, Тараптар Ауған қоғамындағы азаматтық бейбітшілік пен келісімге жедел қол жеткізуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

Осы орайда Тараптар барлық мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, елдің әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын қалпына келтіруге және оны әлемдік шаруашылық байланыстарға тартуға бағытталған күш-әрекеттерін қолдайды.

8.      Тараптар өңірді дамытудың өзекті мәселелерін жүйелі түрде қарау үшін тұрақты жұмыс істейтін консультативтік платформа ретінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі диалог құру мәселесін пысықтауды қолдады.

9.     Тараптар Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуын сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, қаржылық, энергетикалық, ауыл шаруашылығы, коммуникациялық, әлеуметтік, экологиялық және өзара мүдделі басқа да салалардағы байланыстарды одан әрі нығайту арқылы қамтамасыз ету бірінші кезектегі міндет деп санайды.

Қаржы жүйесін бірлесіп дамыту және өңірге инвестициялар тарту мақсатында Тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңын Орталық Азия өңірі елдерін, сондай-ақ шетелдік инвесторлармен байланыстыратын экономикалық платформа ретінде пайдалануға келісті.

10.    Тараптар Орталық Азия мемлекеттері арасындағы көші-қон процестерін реттеу саласындағы құзыретті органдардың өзара іс-қимылын күшейтудің маңыздылығын, сондай-ақ еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, оларға құқықтық, әлеуметтік, ақпараттық-консультациялық көмек көрсету қажеттігін мойындайды.

11.    Тараптар өзара тауар айналымын арттырудың маңыздылығын және өңірдегі сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі міндеттерді тиімді шешуге өзара тиімді ортақ тәсілдерді одан әрі әзірлеу қажеттігін атап өтеді.

Тараптар өзара сауданы ұлғайту, шекара маңындағы аумақтарда сауда-өндірістік алаңдарды, сондай-ақ көтерме-тарату орталықтары желісін дамытуды қоса алғандағы бірлескен экономикалық жобаларды іске асыру мақсатында Орталық Азия мемлекеттерінің іскер топтары мен өңірлері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтеді.

12.    Тараптар авиациялық, автокөлік, теміржол, өзен және теңіз көлігіне арналған жаңа халықаралық бағыттар құру мен жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырта отырып, мультимодальдық көлік дәліздерін, логистиканың, сауда мен туризмнің халықаралық көпфункционалды орталықтарын, тауарлар мен жүктердің еркін және кедергісіз транзитін қамтамасыз ету, үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес трансшекаралық рәсімдерді жеңілдету және өңірдің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін басқа да бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында көлік-транзит саласындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңыздылығын айрықша атап көрсетеді.

Тараптар «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» халықаралық дәліздерін бірлесіп дамытуға барынша күш салады.

Тараптар Көлік коммуникациялары жөніндегі өңірлік кеңес құруды жеделдету, өңір мемлекеттері қатысатын тиімді халықаралық көлік дәліздерін қалыптастыру бойынша іске асырылып жатқан және перспективалы жобаларды ескере отырып, Орталық Азияда көлік жүйесін бірлесіп дамыту жөніндегі бағдарлама мен келісімді келісу қажеттігін атап өтті.

Тараптар өзбек тарапының Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы Көліктік-коммуникациялық өзара байланысты дамытудың өңірлік орталығын құру туралы бастамасын қолдады.

Тараптар өңірлік қосылған құн тізбектерін және бірлескен өнеркәсіптік кластерлерді құру, цифрлық экономиканы ілгерілетудегі ынтымақтастықты арттыру арқылы өзара сауда көлемін ұлғайтуға ниеттеніп отыр.

13.    Тараптар сауда-экономикалық, энергетикалық, көліктік-логистикалық және инновациялық бағыттарда өзара ынтымақтастыққа мақсатты және жүйелі сипат беру мақсатында Орталық Азия елдерінің өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлерінің бесжақты кеңесін құру қажеттігі туралы мәлімдеді.

14.    Тараптар әлеуметтік және экономикалық өсудің жаңа көздерін іздеу мақсатында инновациялық бағдарламалар мен жобаларды бірлесіп іске асыру үшін күш-әрекеттерді біріктіруге, сондай-ақ ғылым, технологиялар мен инновациялар саласындағы тиімді ынтымақтастыққа қолдау көрсетуге, ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүргізуге, ғылыми-зерттеу орталықтары арасында тәжірибе алмасуға ниет білдіреді.

15.    Тараптар Жоғары оқу орындары арасындағы және ғылыми алмасулардың өңірлік бағдарламасын әзірлеу арқылы ректорлар форумдары, ғылыми конференциялар мен ғылыми-педагогикалық және студенттік жұртшылық пен жастар симпозиумдары шеңберінде білім беру, «ғылыми дипломатия» саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді қолдайды.

Тараптар ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы мен пайдаланудағы прогресті, сондай-ақ күнделікті өмірге деген үдемелі әсерін атап көрсетеді. Мемлекеттер халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын сақтай отырып, ақпараттық қауіпсіздіктің жаңа қатерлерін еңсеру мақсатында күш-жігер біріктіруге ниетті.

16.    Орталық Азия мемлекеттерінің барлығы климаттың өзгеру салдарын жұмсарту және оған бейімделу, шөлейттенуге қарсы күрес, су-энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану, қоршаған орта мен экологияны қорғау, мұздықтарды сақтау және уран қалдықтары қоймаларын рекультивациялау, жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қоса алғанда, қорларды үнемдейтін және жасыл технологияларды енгізуге бағытталған жобалар мен бағдарламаларды ілгерілету саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.

Тараптар осы салаларда өңірдегі орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық тетіктерін жетілдіру үшін бірлескен күш-жігер жұмсауға дайын.

Тараптар өңірдің барлық елдерінің мүдделерін ескеретін Орталық Азиядағы су-энергетикалық мәселелерді шешуге қолғабыс ету үшін қолданыстағы және салынып жатқан гидроэнергетикалық объектілердің маңыздылығын атап өтті.

Тараптар БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясының «Табиғат шекара танымайды: трансшекаралық ынтымақтастық – биоәртүрлілікті сақтаудың, қалпына келтірудің және тұрақты пайдаланудың негізгі факторы», «Тұрақты дамуға арналған су» 2018-2028 жылдардағы іс-қимылдардың халықаралық онжылдығының мақсаттарына қол жеткізу барысына ортамерзімді жан-жақты шолу бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының конференциясы», «Арал өңірін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялау», «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қор арасындағы ынтымақтастық», «Қазақстандағы Семей өңірі халқын оңалту, қоршаған ортасын қалпына келтіру және экономикалық даму мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық және іс-шараларды үйлестіру» қарарларын қабылдау сияқты халықаралық және өңірлік бастамаларды тұтас түсінуге қол жеткізудің және БҰҰ алаңында ілгерілетудің маңыздылығын атап көрсетеді.

Жаһандық климаттың өзгеруінің әлемдегі, атап айтқанда Орталық Азиядағы мұздықтарға теріс әсерін ескере отырып, Мемлекеттер басшылары Тәжікстан Республикасы Президентінің 2025 жылды Халықаралық мұздықтарды сақтау жылы деп жариялау және Мұздықтарды қорғау халықаралық қорын құру туралы ұсынысын қолдады.

Мемлекеттер басшылары Түрікменстан Президентінің Төмен көміртекті энергетиканы дамыту жөніндегі шараларды жүзеге асыруға бағытталған БҰҰ Стратегиясын әзірлеу туралы бастамасына, сондай-ақ БҰҰ аясында энергетикадағы басым бағыттардың бірі ретінде сутегін дамыту жөніндегі халықаралық «Жол картасын» құруға қолдау білдірді.

17.    Мемлекеттер басшылары өңірдегі, оның ішінде Арал теңізі бассейніндегі, әсіресе экологиялық дағдарыс пен климат өзгеруінің теріс әсеріне ұшыраған аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайды сауықтырумен байланысты проблемаларды кешенді шешу үшін күш-жігерді шоғырландырудың маңыздылығын мойындады.

18.    Тараптар судың, атмосфералық ауаның ластануын азайтуға, мұздықтарды, жердің тозуын сақтауға, орман екпелері алаңдарын ұлғайтуға, табиғат апаттарының, оның ішінде су тасқыны, сел тасқыны, құрғақшылық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған келісілген шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Мемлекеттер басшылары Орталық Азияның барлық мемлекеттерінің мүдделері мен қатысуын ескере отырып, Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

19.    Бүгін, адамзат жаңа жаһандық қауіп-қатерге - коронавирустық инфекцияның пандемиясына тап болған кезде, Орталық Азия мемлекеттері осы инфекцияның таралуына қарсы кешенді шаралар қабылдап жатыр.

Осы бағыттағы қадамдарын әлемдік қоғамдастықтың қызметімен толық үйлестіре отырып, тараптар коронавируспен күресте маңызды халықаралық бастамаларды қолдайды.

Мемлекеттер басшылары Қазақстан Республикасы Президентінің БҰҰ аясында Аурулар және биоқауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру, сондай-ақ БҰҰ аясында арнайы көпжақты орган - БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасына қолдау білдірді.

Осыған орай, Тараптар ғылыми дипломатия желісі бойынша өзара іс-қимылды жандандыруға, ғалым-медиктердің, сарапшылар мен білімнің өзге де аралас салаларындағы мамандардың жүйелі қарым-қатынасы үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға келісті.

Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпті инфекциялардың таралуына қарсы іс-қимыл жасау ісіндегі күш-жігерін шоғырландыру мақсатында Тараптар вирустардың және басқа да инфекциялардың шығу табиғатын, олар тудыратын аурулардың шығу нысандарын, инфекциялық ауруларды емдеу және алдын алу әдістерін зерделеу жөніндегі өңірлік тетік құру туралы мәселені қарау қажет деп санайды.

20. Азық-түлік жүйелерінің тұрақтылығын арттыру қажеттілігі тұрғысынан Тараптар жеткізу тізбегін қолдауға және азық-түлік пен күнделікті қажет тауарларға арналған «жасыл дәліздер» тетіктерін кеңінен енгізуге келісті.

21.    Тараптар Орталық Азияны мекендейтін халықтардың мүддесі үшін және БҰҰ жариялаған Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы рухында мәдениетаралық диалогты дамытуға, алуан түрлі мәдениеттер мен ұлтаралық толеранттылықты сақтауға және көтермелеуге, этносаясатты, өңірдің материалдық және материалдық емес мәдени және табиғи мұрасын зерделеу мен қорғау саласында ынтымақтасуға және өзара қолдау көрсетуге, әдеби байланыстарды жетілдіруге, халықаралық фестивальдар, форумдар мен конкурстар өткізуге, музыка, театр, бейнелеу және қолөнері, кинематография, телерадио хабарларын тарату, мұрағат, мұражай мен кітапхана ісі саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге және азаматтар, ең алдымен жастар арасындағы тікелей байланыстар мен туристік алмасуларды дамытуға келісті.

Осы бағыттағы өзара іс-қимылға жүйелі және тұрақты сипат беру мақсатында Тараптар «Орталық Азия: ортақ тарих және ортақ болашақ» атты мәдени-гуманитарлық алмасудың бірыңғай платформасы ретінде Орталық Азия мәдени диалог форумын құруға уағдаласты.

22. Спорттың халықтар арасындағы достықты нығайтудағы маңызды рөлін ескере отырып, Мемлекеттер басшылары дене шынықтыру мен спортты дамытуды жалғастыруға, Тараптар аумақтарында халықаралық спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге қолдау көрсетуге, дене шынықтыру, спорт ұйымдары мен мекемелері арасындағы ынтымақтастықты көтермелеуге келісті. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін халықаралық спорт аренасына ілгерілету бойынша Тараптар күш-жігерді шоғырландыруы қажет екені аталып өтті.

23.    Мемлекеттер басшылары туризм саласында, оның ішінде пандемиядан кейін осы секторды жедел қалпына келтіру және өңір елдері арасындағы туристік алмасуды жандандыру мақсатындағы тығыз өзара іс-қимылдың қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ Тараптар трансшекаралық аумақтарда туристік аймақтар мен кластерлер құру, Орталық Азияда бірыңғай кеңістік құру мақсатында туристік өнімдер мен бағыттарды бірлесіп ілгерілету жұмыстарын жандандыруға келісті.

Тараптар халықаралық және ішкі туризмді дамытуға қатысатын ұйымдар және туризм саласындағы мемлекеттік басқару органдары мен туристік компаниялар арасындағы тығыз ынтымақтастықты қолдайды.

Тараптар туристік қызметті дамыту туралы ақпаратпен, баспа материалдарымен, фильмдермен алмасуда, жарнамалық кампаниялар, конференциялар мен семинарлар өткізуде, көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастыруда одан әрі ынтымақтастық жасайтын болады.

24.    Мемлекеттер басшылары сыртқы саяси ведомстволарға 2022-2024 жылдарға арналған өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы жобасын (Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің қорытындылары бойынша) бекіту жұмыстарын жуық арада аяқтауды тапсырды.

25.    Мемлекеттер басшылары сыртқы саяси ведомстволарға Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының келесі Консультативтік кездесуінде XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қоюды дайындауды тапсырды.

26.    Президенттер Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулерінің Бірыңғай рәмізін пайдалану туралы шешім қабылдады және ол туралы Ережені мақұлдады.

27.    Президенттер Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Құрмет белгісін бекіту туралы шешім қабылдап, Құрмет белгісі туралы Ереже мен оның Сипаттамасын мақұлдады.

28.    Мемлекеттер басшылары Түрікменбашы қаласында өтіп жатқан Орталық Азия елдері әйелдер диалогының форумына, Орталық Азия елдерінің Экономикалық форумына, Орталық Азия елдерінің Ұлттық өнімдер халықаралық көрмесіне, Орталық Азия елдерінің Ұлттық тағамдар халықаралық фестиваліне және Орталық Азия елдерінің Мәдениет және өнер шеберлерінің салтанатты концертіне жоғары баға берді.

Мемлекеттер басшылары Сыртқы істер министрлеріне Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының төртінші Консультативтік кездесуін өткізу мерзімі мен орны бойынша ұсыныстар дайындауды және Консультативтік кездесудің күн тәртібін әзірлеуді тапсырды.

Консультативтік кездесу дәстүрлі достық, шырайлы және сенімді атмосферада өтті.

Мемлекеттер басшылары Түрікменстан Президенті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовке қонақжайлылығы және Консультативтік кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылық білдірді.

Түрікменбашы қ., 2021 жылғы 6 тамыз