Басты бетПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты

Қатар, Доха қаласы

 

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қатар Үкіметі мен Қатар кәсіпкерлері қауымдастығына алғыс айтты. Оның айтуынша, әлем бұрын-соңды болмаған сын-қатерге тап болған қазіргідей кезде саяси ерік-жігер мен экономикалық белсенділікті ұштастыру өте маңызды.

– Бүгін мен Қатар елінің басшылығымен нәтижелі кездесу өткіздім. Біз түрлі сала бойынша уағдаластықтарға қол жеткіздік және елдеріміздің үкіметтеріне оларды жүзеге асыру үшін тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырдық. Менің сапарым біздің көпжақты қатынастарымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін. Жоғары Мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің басшылығымен Қатар зор табысқа жетті. Көптеген ел сіздерден үлгі алады. Сіздердің ғажайып елдеріңіз – экономикасы қарқынды дамыған, тұрмыс деңгейі жоғары, қоғамы өркендеген мемлекет ретінде танымал. «Қатар – 2030» ұлттық бағдарламасында жаңғыру мен ұлттық құндылықтар өзара нақты әрі ерекше үйлесім тапқан. Барша қатарлық достарымызға осынау игі мақсатқа жету жолында табыс тілеймін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз таңдаған бағыттың кейбір тұстары Қатармен ұқсас екенін айтты. Қазақстанның ашық есік саясатына, орасан зор ресурсына және еркін нарыққа қатысты реформаларына шетелдің, соның ішінде Қатардың көптеген компаниясы назар аударды. Әртараптандырылған және орнықты экономиканың негізін қалау – Қазақстанның басты міндеті.

– Мен жаңа экономикалық бағытты ұсындым. Аталған бастама анағұрлым қуатты әрі қарқынды дамыған ел құру мақсатында құрылымдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл – өршіл, бірақ орындалатын міндет. Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 265 миллиард долларды құрады. Біздің ендігі мақсатымыз – осы көрсеткішті 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға жеткізу. Өткен жылы экономикалық өсім 5,1 пайызға жетті. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды жоспарлап отырмыз. 2022 жылы шетелден 28 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тарттық. Ал сыртқы сауда айналымы 136 миллиард долларға жетті. Қазақстан Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестиция келетін негізгі ел болып қалуы үшін ең жоғары әлемдік стандарттарға сай жаңа инвестициялық циклды іске қостық, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылардың басым бөлігі қазақ-қатар экономикалық қатынастарының табысты дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді. Мемлекет өз тарапынан салық және кеден жеңілдіктерін ұсынуға, жобаларды бірлесе қаржыландыруға, ішінара кепілдік беруге және экспортты қолдау тетіктерін іске қосуға дайын.

– Жуырда біз Инвестициялық кеңес құрдық. Оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары төрағалық етеді. Кеңес шұғыл шешім қабылдау және жан-жақты мемлекеттік қолдау арқылы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына ықпал жасайды. Қатар компанияларын бизнес жүргізу үшін тың мүмкіндіктерді қарастырып, Қазақстан нарығына инвестиция салуға шақырамыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы серіктестікке тың серпін беру үшін жоғары деңгейдегі Қазақ-қатар бірлескен комиссиясының және Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыруды ұсынды. Қазақстан тарапы жақында ратификацияланған Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімнің екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайта түсетініне сенім білдіреді.

 – Бүгін Жоғары Мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесу барысында мен алғашқы қадам ретінде екіжақты сауда көлемін жарты миллиард долларға дейін ұлғайтуды ұсындым. Біз Қатар нарығына машиналар, темір, болат, ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа да жоғары сапалы тауарларды жеткізе аламыз. Сонымен қатар Қазақстан ЖІӨ көлемі 2,6 триллион доллар болатын Еуразиялық экономикалық одақ нарығына жол аша алады. Біз Қытаймен шекаралас елміз. Бұл «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында сауда-саттық жүргізуге жақсы мүмкіндік,– деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бүгінде визасыз режим мен апта сайын ұшатын 20-ға жуық тікелей рейстің арқасында Қазақстан мен Қатар байланыстары бұрынғыдан да нығая түсті. Бұған қоса, еліміз өзінің көлік-логистикалық әлеуетін әртараптандырумен және кеңейтумен белсенді түрде айналысып жатыр.

– Каспий теңізіндегі ең ірі хабтардың бірі саналатын Ақтау порты, Астана және Алматы халықаралық әуежайлары, қарқынды дамып келе жатқан көптеген теміржол және автомобиль жолдары, сондай-ақ жоғары сапалы логистика тораптары мен хабтар ірі инфрақұрылымдық жобаларымыздың қатарына кіреді. Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытынан немесе Орта дәліздің дамуынан зор үміт күтеміз. Қатар компаниялары мен қаржы институттары осы саладағы бизнес пен инвестиция мүмкіндіктерін қарастыру арқылы қомақты пайда табады деп санаймыз. Бүгін біз жалпы инвестициялық құны 18 миллиард долларға жуық түрлі коммерциялық құжаттарға қол қоямыз. Бұл экономикалық ынтымақтастықты дамытуға батыл кіріскенімізді көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика секторы екі ел экономикасының негізгі қозғаушы күші саналатынын айтты. Қазақстан мұнай және газ қорын барлау үшін мол мүмкіндіктер ұсынуға дайын.

– Біз маңызды кен орындарын ашу үшін әлемдегі үздік тәжірибелерді енгізіп жатырмыз. Осыған орай энергетика саласындағы Қатар компанияларын геологиялық барлау, мұнай химиясы, мұнай мен газды тасымалдау, өңдеу жобаларына белсенді атсалысуға шақырамын. Бүгін Power International Holding компаниясымен Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарының, сондай-ақ Бейнеу – Бозой – Шымкент және Ақтөбе – Қостанай газ құбырларының құрылысы туралы келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Бұл – келешегі зор бастама. Қашағанда тағы бір газ өңдеу зауытын салуға қатысты келіссөздер көп ұзамай нақты нәтиже береді деп үміттенеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңартылатын энергия секторындағы ықпалдастық мәселесіне арнайы тоқталды. Қазақстанның бір триллион-киловатқа бағаланған жаңартылатын энергия көздерінің әлеуеті осы саладағы жаһандық ойыншылардың назарын аударды. Жалпы алғанда, олар 43 гигаватт қуат өндіретін бірнеше жобаны жүзеге асыруға міндеттеме алды. 

– Nebras Power компаниясының Қазақстанда қуаты 350 мегаватт болатын су электр станциясын салу ниетін, сондай-ақ Pearl Overseas компаниясының қуаты 1,1 гигаватт болатын бу-газ қондырғысын орнату жоспарын жоғары бағалаймыз. Біз осы аса маңызды сектордағы өндіріс, технология трансферті және тәжірибе алмасу бағыттары бойынша серіктестікті жалғастыруға мүдделіміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар компанияларын кобальт, литий және басқа да әлем экономикасына қажет аса маңызды шикізат түрлерін өндіру және өңдеу ісіне атсалысуға шақырды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке үлкен үміт артатынын атап өтті.

– Қазақстан территориясы жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын әрі жерінің 70 пайызы ауыл шаруашылығына жарамды ел ретінде Орталық Азиядағы астықты өлке саналады. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері 80-нен астам мемлекетке экспортталады. Аталған саладағы өнімділікті үш есе арттыру арқылы экспортты екі есе ұлғайтуды көздеп отырмыз. Қазақстан Қатар нарығына халал және табиғи таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізетін сенімді серіктес бола алады. Hassad Food компаниясы елімізде бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салуға қызығушылық танытып отырғанын білемін. Біз бұл бастаманы қолдауға әзірміз. Сондай-ақ ет, жеміс-жидек, көкөніс, астық, ұн және басқа да өнімдер өндірісін дамытуға әрі оларды алдағы уақытта Қатар еліне тікелей тасымалдау ісін жолға қоюға мүдделіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, цифрландыру секторы – екі елдің күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі. Қазақстан мен Қатар жетекші технологиялық орталыққа айналуға ұмтылады.

– БҰҰ Қазақстанды цифрлық технологияларды бейімдеу бойынша үздік отыз елдің қатарына қосты. Соңғы үш жыл ішінде IT саласындағы экспорт 16 есе ұлғайып, шамамен 500 миллион долларды құрады. Бәсекеге қабілетімізді арттыру үшін суперкомпьютерлер мен деректерді өңдеу орталықтарын құра отырып, жасанды интеллектінің жаңа технологияларын әзірлеуге кірістік. Көршілес елдермен бірге Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін жүргізуді және Шығанақ елдерімен оптикалық байланыс желісін кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруды көздеп отырмыз. Power International Holding компаниясының Қазақстандағы телекоммуникация нарығында негізгі ойыншылардың біріне айналу жоспарын құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті медицина, фармацевтика және биотехнология салаларындағы байланыстарды екі ел ықпалдастығының тағы бір маңызды бағыты ретінде атап өтті.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы Қатардың Орталық банкімен, Қатар қаржы орталығымен және Қатар қор биржасымен берік іскерлік байланыс орнатқанын еске салды. Оның пікірінше, АХҚО-да Қазақстан-Қатар тікелей инвестициялар қоры құрылса, ол бірлескен кәсіпорындарды қаржыландыратын алаң болар еді.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қатар бизнесмендерін биыл маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында Қатардың Сауда және индустрия министрі шейх Мұхаммед бен Хамад бен Қасым Әл Тәни, Қатар бизнесмендері қауымдастығының төрағасы шейх Фейсал бен Қасым Әл Тәни, Қатардың Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы шейх Халифа бен Джасим бен Мұхаммед Әл Тәни, Nebras Power компаниясының бас директоры Халид Мұхаммед Джоло, Hassad Food компаниясының бас атқарушы директоры Әли Хилял Әл Кувари, Qatar Free Zone ұйымының бас директоры шейх Мұхаммед бен Хамад Әл Тәни және басқалар сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қатар іскер топтарының арасында бірқатар құжатқа қол қойылды.