Басты бетМемлекет басшысы Digital Qazaqstan жобасы бойынша кеңес өткізді

Мемлекет басшысы Digital Qazaqstan жобасы бойынша кеңес өткізді

Мемлекет басшысы Digital Qazaqstan жобасы бойынша кеңес өткізді

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Digital Qazaqstan жобасының жүзеге асырылуы жөнінде жұмыс кеңесі өтті.

Жиын барысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Қаржы министрі Мәди Такиев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына Жоғарғы сот пен Сот әкімшілігінің, Ұлттық банктің, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының цифрлық шешімдері таныстырылды. Мемлекеттік органдардың жетекшілері Президентке экономика салаларын және мемлекеттік басқаруды цифрлық тұрғыдан трансформациялау бойынша атқарылған жұмыс пен алдағы жоспар жөнінде мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік құрылымдар жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында ауқымды жұмыс істеуі қажет екеніне назар аударды. Негізгі мақсат – озық технология мен жасанды интеллектіні ел өмірінің әр саласына жаппай енгізу.

– Ең алдымен, қолайлы институционалдық, құқықтық және іскерлік орта қалыптастыру қажет. Қазақстан – ыңғайлы және озық цифрлық реттеу жүйесін енгізген елдердің қатарында. Біз бұл жұмысты алғашқылардың бірі болып бастадық. Атап айтқанда, елімізде Цифрлық кодекс қабылданды. Жасанды интеллект туралы арнайы заң күшіне енді. Бірақ бұл тек ауқымды жұмыстың басы ғана, мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Әлемде болып жатқан өзгерістердің қарқыны өте жоғары. Оны жақсы білесіздер. Ғылым, білім, технология аса жоғары жылдамдықпен дамып жатыр. Сондықтан нормативтік құжаттарды да дер кезінде жаңартып отыру керек. Бір сөзбен, қазіргі заманда әрбір азаматқа түсінікті және айқын болатын «Цифрлық мемлекет» ұғымын қалыптастыру қажет, яғни Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтар мен бизнестің нақты талап-тілегін ескеруге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Digital Qazaqstan халық мүддесіне қызмет ететін құжат болуға тиіс деп санайды. Дегенмен шұғыл шешімін табуға тиіс бірқатар мәселе де бар.

– Мемлекеттік аппарат қызметін цифрландыруды жеделдету қажет. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа ауыстырылған. Ведомствоаралық ақпарат жүйелері біріздендірілген үдеріске кіріктірілмеген. Жеделдік пен сапа барлық кезеңде басымдыққа айналуға тиіс. Бұған дейін айтқанымдай, адамдарды жүгіртіп, әуре-сарсаңға салмай, деректерді барынша қолжетімді еткен жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Digital Qazaqstan стратегиясында қағазбастылықтан арылып, ішкі процестерді түбегейлі қайта құруға баса мән беру қажет.

– Цифрландыру мен бюрократия от пен су сияқты бір біріне кереғар құбылыстар. Біз заманауи технологияларды ескірген бюрократияның тар шеңберіне қамауға тырыспай, жаңаша жұмыс істеп үйренуіміз керек. Заманауи цифрлық мемлекет жасанды интеллектіге бейімделуге және ауқымды деректер қорын оңтайлы пайдалануға міндетті. Осынау жаңа әрі күрделі саланың маманы – сіздер. Қайткенде де, солай аталасыздар. Ендеше не тұрыс? Бізге нәтиже керек. Жасанды интеллект туралы жаңалықтарды үнемі оқып отырамын. Технологияның қарқынды дамып келе жатқаны соншалық, Қазақстанның цифрлық келешегіне алаңдай бастайсың. Меніңше, процесс өте баяу жүріп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке мемлекеттік аппаратты түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді. Бұл істі үйлестірумен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі айналысады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ведомство жыл соңына дейін өзгелерге үлгі көрсетіп, азаматтармен, бизнеспен және мемлекеттік органдармен қарым-қатынастың жаңа форматына бірінші болып ауысуы керек екенін атап өтті.

Президент AI-Sana бағдарламасын одан әрі дамыта отырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.

Мемлекет басшысы отандық IT-бизнестің көкжиегін кеңейтуді негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастыруға шақырды.

– Бұл бағытта қазірдің өзінде көп жұмыс істелді. Astana Hub-тың негізінде кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасалды. Еліміздегі IT қызметтердің экспортынан түскен табыс 1 миллиард долларға жуықтады. Зияткерлік өнім өндіретін, оны шетелге сататын жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетілуі қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларын өндіріс саласына енгізуді ынталандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ цифрлық төлем инфрақұрылымына қатысты мәселені шешуді тапсырды. Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторында кеңінен қолдану технологиялық дербестік пен экономикалық өсімнің маңызды факторы саналады. Үкіметтің алдында өнеркәсіпке озық технологиялар енгізу үшін ынталандыру тетіктерін қарастыру міндеті тұр.

– Азаматтарға арналған банк қызметтеріне айрықша тоқталғым келеді. Менің тапсырмаммен Ұлттық банк цифрлық қаржы инфрақұрылымын жасады. Оның аясында банкаралық QR-төлемдер және аударымдар, цифрлық теңгемен есеп айырысу қызметтері пайда болды. Бұл төлем тізбегіндегі делдалдар санын қысқарту арқылы шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Банктер заң жүзінде аталған инфрақұрылымға қосылуға міндеттелді. Алайда ірі банктер бұл талапты созбалаңға салып, орындамай отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық есептеуші инфрақұрылымды дамытудың маңызына назар аударды. Сонымен қатар екі суперкомпьютердің іске қосылуы еліміздің технологиялық дербестігін нығайту тұрғысынан зор стратегиялық мәнге ие екенін айтты. Президенттің пікірінше, деректерді басқаруға қатысты жауапкершілікті бөлу қажет. Деректердің сапасына ведомстволардың бірінші басшылары жауап беруге тиіс. Деректерді басқарудың мемлекеттік деңгейдегі толық жүйесін қалыптастыру оны экономикалық актив ретінде қарастырудың маңызды қадамы болмақ.

Сонымен қатар баяндамада криптоиндустрияны дамыту мәселесі көтерілді. Бұл саланы реттейтін заңнамалық өзгерістер биыл мамыр айында күшіне енеді. Президент қаржы саласын реттеуші органдарға Үкіметпен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, цифрлық активтер саласын дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды. Онда қаржы тұрақтылығына зиян келтірмеу, алаяқтыққа және капиталды заңсыз шығаруға қарсы тиімді күрес шаралары ескерілуге тиіс.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы құпиялылықты сақтаудың, дербес дерекке заңсыз қол жеткізудің кез келген түріне тосқауыл қоюдың маңызына назар аударды. Президенттің пікірінше, жеке мәліметтің тарап кету жағдайлары мемлекетке деген сенімді азайтады. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарымыз жаңа Ата заң жобасын қолдаса, дербес деректерді қорғау конституциялық міндет ретінде бекітілетінін жеткізді.