Басты бетҚасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты

Шекара маңындағы аймақтар арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті  мәселелеріне арналған форумның жұмысына облыстардың басшылары, екі елдің салалық мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері қатысты. 

Қазақстан Президенті жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Форум екіжақты қатынастардың, әсіресе өңірлердің өзара байланыстарының құрамдас әрі маңызды бөлігіне айналғанын айтты. Мемлекет басшысы індеттің таралуына байланысты күрделі кезеңде Қазақстанға көрсеткен көмегі үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

– Ресей алғашқылардың бірі болып дәрі-дәрмек жеткізді, сынама жүйелерін  қайтарымсыз ұсынды, Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға айтарлықтай көмек көрсетті. Бірнеше апта бойы ресейлік дәрігерлер қазақстандық әріптестерімен эпидемиологиялық ахуалы күрделі өңірлерде иық тіресе еңбек етті және тәжірибелері мен білімдерін бөлісе отырып, өздерінің кәсіби міндеттерін абыроймен атқарды. Өзара уағдаластықтарды орындау барысында ресейлік «Спутник V»  вакцинасын Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірудің іске қосылуы осы кезеңдегі ынтымақтастығымыздың маңызды сәті болды. Мұның бәрі Ресей мен Қазақстанның стратегиялық серіктес әрі одақтас екенін нақтылай түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда 7500-ден астам ресейлік және 3500-ге жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Ынтымақтастық орнатқан уақыттан бері Форум аясында 200-ге жуық келісім мен шартқа қол қойылды. Осы кезеңде тауар айналымы 3,5 есеге өсіп, 19 миллиард долларға жетті. Ресейден тартылған тікелей инвестицияның көлемі соңғы 15 жылда 16 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Ресейге салынған қазақстандық инвестицияның көлемі 4,5 миллиард долларға жуықтады. Елдеріміз арасындағы іс-қимылдар экономиканың барлық саласы: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым бағыттары бойынша жүргізілуде.

– Биыл біз мұнай тасымалдайтын Каспий құбыр желісі консорциумы – ірі халықаралық жобаның 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл кәсіпорын құрылған уақыттан бері әлемдік нарыққа 745 миллион тоннадан астам мұнай тасымалдады. Мұнай өндіру ісінің артуына және жаңа кен орындарының игерілуіне, соның ішінде мұнай өндіру жөніндегі бірлескен жобалардың әзірленуіне байланысты мұнай құбырларының өткізу мүмкіндігін алдын ала күшейту, осы күрделі халықаралық жобаны басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Біздің кәсіпорындарымыз Теңіз, Қарашығанақ сияқты әлемдік деңгейдегі кен орындарын бірлесе игеруде. Каспийдің қазақстандық бөлігінде Жеңіс, Әл-Фараби теңіз жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың жалпы құны 6,5 миллиард доллар. Бұдан бөлек біз Қаламқас-теңіз – Хазар ірі кен орындарын игеруге кірісеміз. Ресеймен арадағы стратегиялық серіктес анықталды. Ол «Лукойл» компаниясы. Жобаның жалпы құны – 5 миллиард долларға жуық. Біз теңіз жобаларын жүзеге асырып жатқан инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасадық, – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметі инвестицияға қатысты жаңа механизм – үздік модельді келісім әзірлеген. Аталған құжат инвестицияның заңдық тұрғыдан қорғалуын және тұрақтылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ жеңілдіктердің жаңартылған топтамасын қамтиды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл жөніндегі бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, ресейлік серіктестерді жаңа жобаларды іске асыруға шақырды. Қазіргі уақытта 3 жоба іске қосылды. Олар: «Кировец» маркалы тракторын, «Hyundai» автомобилін және ГАЗ автокөліктеріне арналған қосалқы бөлшектерді шығару жобасы. Сәуірде қуаттылығы жылына 3,5 миллион дана дөңгелек шығаратын зауыттың құрылысы басталды.

– Мемлекеттеріміздегі порттардың қуаттылығының әлеуеті зор. Қазіргі жағдайда негізгі экспорттаушылар қалыптасқан бағыттарға балама жолдар қарастыруда. Сондықтан Қазақстан мен Ресейдің теңіз порттары арқылы мультимодальді транскаспий бағытын дамыту өте өзекті болып отыр. Біз Ресейдің Солтүстік теңіз жолына қатысты үлкен жоспарлары мен жобалары туралы білеміз. Іс жүзінде Қазақстан мен Ресей бірлесе отырып, экспорттаушыларға Еуропадағы және басқа да аймақтардағы көлік тораптарымен байланыстыратын балама транзитті бағыттар желісін ұсына алады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елдің шекарасы арқылы өтетін жүк тасымалдаушылардың мәселелеріне арнайы тоқталды.

– Қазақстан мен Ресей шекарасында 30 автокөлік бекеті бар. Оның тек бесеуі ғана бақылау-тексеру кешендерімен жабдықталған. Өкінішке қарай, олар сәт сайын істен шығып жатады. Бұл ретте Саратов, Орынбор, Челябинск, Курган, Тюмень және басқа да облыстармен шекарадағы өткізу бекеттері туралы айтып отырмын. Ресейдің Шекара қызметі аталған мәселені қамтамасыз ету үшін көліктердің жүк бөлімдерінде «технологиялық өту» сияқты жаңа талаптар енгізді. Сол тексеру аймағында жүргізушілерді жүктерін түсіруге мәжбүрлейді. Бұл көбінесе тауарлардың бұзылуына әкеп соқтырады. Осыдан кейін тасымалдаушылар көлігінің 2/3 бөлігіне ғана жүк тиеуге мәжбүр болады. Нәтижесінде көліктердің шығыны артып, тауар бағасы өседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Президент өткізу пункттерін коммерциялық транзит қауіпсіздігі мен жылдамдық мәселелерін шеше алатын заманауи тексеру кешендерімен жабдықтауды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі форумның тақырыбы экология мен «жасыл экономикалық» өсім саласындағы ынтымақтастық екенін атап өтіп, аталған мәселенің маңызды әрі шұғыл сипат алып отырғанын айтты.

– Қазақстан мен Ресейдің экологиялық мәселелері ұқсас. Бұл – ауаның, судың, топырақтың ластануы, радиация мен өндірістік қалдықтардың жиналып қалуы. Оған қоса, көрші отырған соң көптеген мәселе екі жаққа да ортақ. Оны шешу үшін үкіметтер экология, биологиялық әртүрлілікті сақтау, трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау салаларындағы 7 келісімге қол қойды. Келісімдер жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Алайда, экологиялық ахуалдың нашарлауы тоқтайтын емес. Сондықтан аталған мәселелерді шешу халықаралық деңгейде бірлескен әрекеттерді күшейтуді талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, экономиканы көміртегінен арылту мәселесін екі ел үкіметтері бірлесіп пысықтап, тәжірибе алмасуы қажет. Сондай-ақ оның экономикаға тигізетін кері әсерін жеңілдету мақсатында халықаралық келісімдерге, әсіресе ДСҰ аясында енгізілетін нормаларға қатысты ортақ ұстанымға келуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жайық өзенінің өте қатты тартылуы және ондағы экологиялық жағдайдың нашарлауы Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ Ресейдің де шекаралас аймақтарындағы тұрғындар үшін аса қауіпті екенін айтты.

– Владимир Владимирович, 2019 жылы Омбы қаласындағы кездесуіміздің қорытындысы бойынша Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды. Сол үшін Сізге алғысымды білдіремін. Үкіметтерімізге аталған бағдарламаның сапалы іске асырылуы жайында, сондай-ақ бір жылда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама әзірлеуді тапсыруды ұсынамын. Шағын өзендердегі бөгеттердің құрылысы мен оларды пайдалану тиімділігіне қатысты мәселеге, сондай-ақ жаңа тоғандар құрылысын ұйымдастыруға ерекше мән берген жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мақсатында теңіздің солтүстігінде мемлекеттік резерваттар құру мүмкіндігін, сондай-ақ киіктердің маусымдық қоныс аударуы кезінде екі елдің шекарасынан еркін өту жолын қамтамасыз ету мәселелерін қарастыру ұсынылды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің «жасыл» экономика саласы бойынша ынтымақтастығы белсенді түрде артып жатқанын атап өтті. Елдеріміздің жаңартылатын және баламалы энергия көздерін дамыту жөніндегі әлеуеті зор.

– Қазақстан жел энергиясы бойынша бір жылда сағатына үш триллион киловатқа жуық қуат өндіруге қауқарлы. Еліміз – «жасыл» сутегін экспорттау әлеуеті жоғары әлемдегі сегіз мемлекеттің бірі. Баламалы энергетика саласындағы жобаларды іске асыру үшін өндірістік және ғылыми инфрақұрылымды қалыптастыру керек, сондай-ақ жоғары білікті мамандар қажет. Осыған орай біз энергетика саласында Жоғары технологиялық инновациялар жөніндегі құзыреттер орталығын ашамыз. Ресейдің мықты ғылыми базасы мен тиісті кадрлық әлеуеті бар. Сондықтан Ресей мамандарын өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форум аясында киіктерді қорғау және олардың санын көбейту, Каспий итбалығын қорғау, сондай-ақ өңірлер мен кәсіпкерлер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жөнінде 13 құжатқа қол қойылды.

– Форумның дәстүрлі өнеркәсіптік-экономикалық күн тәртібіне экология және жасыл экономиканы дамыту мәселесін сәтті енгізе алғанымыз қуантады. Бұл сән қуу емес, шын мәнінде, қажеттілік әрі елдеріміздің болашағы. Осы саладағы жобаларымыз екіжақты ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Пленарлық отырыс аясында Ресей Президенті Владимир Путин, Қазақстан мен Ресейдің салалық министрліктері мен өңір басшылары сөз сөйледі.