Басты бетПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Ақорда резиденциясында 11 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.

Сенім грамоталарын Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Мухаммад Саид Әл-Арики, Швейцарияның елшісі Дэвид Грихтинг, Ирландия елшісі  Брайан Макэлдафф, Мексика елшісі Хосе Луис Мартинес Эрнандес, Жаңа Зеландия елшісі Сиалей Аллегра ван Тур, Албания елшісі Кастриот Робо, Гренада елшісі Олег Фирер, Мавритания елшісі Сид’Ахмед Әл Бекайе Хамади, Тунис елшісі Тарак Бен Салем, Норвегия елшісі Джон Микал Квистад және Никарагуа елшісі Альба Асусена Торрес Мехия тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттарды еліміздегі миссияларының ресми басталуымен құттықтады.

– Сіздер Таяу Шығыс, Еуропа, Латын Америкасы, Кариб бассейні, Африка және Океания сияқты әлемнің әр бөлігінің өкілісіздер. Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды жақтайтын ел ретінде сіздердің мемлекеттеріңізбен арадағы достық байланыстарды екіжақты форматта да, көпжақты форматта да одан әрі нығайтуға дайын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы дипломаттардың назарын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық тарихи кезеңіне аударды. Сондай-ақ қазіргі Қазақстанның кемеліне келген, қалыптасқан, ішкі жағдайы тұрақты, алуантүрлі ұлттар бірлігінің тиімді үлгісін көрсетіп отырған, сондай-ақ қарқынды экономикалық өсімі бар және теңгерімді сыртқы саясат ұстанатын сыйлы мемлекет екенін атап өтті.

Сонымен қатар Президент еліміздің қазіргі сын-қатерлерді, оның ішінде климаттың өзгеруінен туындаған қауіптерді еңсеру жөніндегі әдістеріне тоқталды. Оның пікірінше, алдағы уақытта Глазгода өтетін жаһандық конференцияда қабылданатын шешімдердің орындалуы аса маңызды болмақ. Осыған байланысты Мемлекет басшысы  Қазақстанның көміртегіне бейтарап болуға қол жеткізу жөніндегі жоспарын еске салды.

– Осы айда біз Көміртегінен бейтарап дамудың 2060 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыруға кірісеміз. Жасыл экономиканы қаржыландыру және жасыл технологияға қолжетімділік аталған бастаманы іске асыруда маңызды рөл атқарады. БАӘ, Швейцария, Ирландия, Жаңа Зеландия және Норвегия мемлекеттерімен қатар сіздердің де елдеріңізбен ынтымақтастықты нығайтамыз деген үміттеміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік және су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына мән берді.

– Қазақстан азық-түлік тасымалдаудың жаһандық жүйесіне белсенді атсалысады. Біз ауыл шаруашылығы секторын экологияландыруға және тұрақты дамытуға ниеттіміз. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын  құруға бастамашы болдық және қазіргі уақытта осы ұйымға төрағалық етіп отырмыз. Оның құрамына 1,5 миллиардқа жуық халқы бар 36 ел кіреді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 2010 жылғы саммитінің Астана декларациясында айтылған қауіпсіздік жөніндегі ортақ әрі біртұтас еуроатлантикалық және еуразиялық қоғамдыстыққа бейіл екенін нақтылап, Албанияның 2020 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметін тиімді атқарғанын айтты.

Президент қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері туралы айта келіп, Азияда қақтығыстарды болдырмау және бейбітшілікті сақтау еліміздің сыртқы саясатындағы басымдықтардың бірі екенін жеткізді. Бұл ретте, Мемлекет басшысы қауіпсіздік мәселелерін шешу жөніндегі ұжымдық тәсілдерді пысықтау үшін тиімді плафторма ретінде АӨСШК-нің рөлін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға да тоқталып, осы елдің жаңа билігін зорлық-зомбылықты, заңсыз есірткі тасымалын және бақылаусыз көші-қонды болдырмау жөніндегі міндеттерін орындауға шақырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елшілерге Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі халықаралық күш-жігерге қосқан үлесі туралы айтты.

– Ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде құны 2,5 миллион доллар болатын 5 мың тонна бидай ұнын жеткізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Мұндай көмек аталған елге тұрақты түрде беріліп отырады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында дипломаттарға табыс тілеп, олардың мемлекеттері мен үкіметтерінің басшыларына сәлемін жолдады.