Басты бетПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы бейнебайланыс режимінде өтті.

Жиын барысында Беларусь Президенті Александр Лукашенко,  Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттердің басшылары – Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель Бермудес пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы пандемияға қарсы күресте айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгеніне қарамастан, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі ахуал бұрынғыша күрделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, коронавирустың жаңа штамдарының пайда болуы, халықтың толық вакцина алмауы сияқты түйткілді жағдайлар әлі де бар.

– Қазақстан Ресей Федерациясы сияқты өз вакцинасын – QazVac екпесін әзірлей алды. Вакцина Қазақстанда жаппай салынуда. Қазір оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу үдерісі жүріп жатыр. Қарағанды қаласында ресейлік Спутник-V вакцинасын өндіру жөніндегі жобаны пандемия кезеңіндегі интеграциялық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі деп санаймын. Біз пандемияны сәтті еңсеру үшін күш-жігерімізді одан әрі біріктіре түсіп, ғылым мен фармацевтика салаларындағы бірлескен жобаларды әзірлегеніміз жөн. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда, санитарлық-эпидемиологиялық режим орнату жөніндегі іс-қимылдарымызды үйлестіруіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Одаққа мүше мемлекеттердің экономикасы біртіндеп қайта қалпына келе бастағанын жеткізді. Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметіне сәйкес, биылғы бірінші жартыжылдықта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,5 пайыз болды. Ішкі жалпы өнімнің жиынтығы шамамен 900 миллиард долларға жетті. Бұған қарамастан, белгісіз сыртқы қатерлер мен факторлардың қаупі жоғары. Осындай жағдайларға байланысты Қазақстан Президенті бірнеше маңызды бағытқа назар аударуды ұсынды. Ең алдымен, бұл жаһандық деңгейде өзекті болып отырған азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне қатысты.

– Бүгінде жер шарының әрбір оныншы тұрғыны, яғни 700 миллионнан астам адам азық-түлік тапшылығының зардабын тартып отыр. Әрине, біздің елдеріміздегі ахуал айтарлықтай жақсы. Бірақ нарығымыз әлемдік бағаның қымбаттауына байланысты туындаған қысымды қазірдің өзінде сезінуде. Проблеманың өзектілігі жылдан жылға арта береді. Бұған жауап ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия Одаққа мүше елдермен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ қағидаттары мен әдістерін әзірледі. Құжатта азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге, тапшылықтың пайда болу қаупін азайтуға, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінде пайдаланылатын материалдық-техникалық ресурстардың импортын алмастыруға бағытталған шаралар қамтылған. Аталған құжаттың маңыздылығын ескере отырып, оны Кеңестің Алматыда өтетін отырысында бекітуді ұсынамын. Құжат жүйелі әрі іс-жүзіндегі ықпалдастыққа және нақты әлеуметтік-экономикалық нәтиже шығаруға негізделуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның дәстүрлі түрде өнеркәсіптік кооперацияға ерекше мән беретінін жеткізді. Бұл бастама Қазақстан төрағалығының басымдығы ретінде жасалды және еліміз оны белсенді ілгерілетеді.

– Тараптар Бағдарламалық құжатты жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын – 2025 жылға дейінгі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын мақұлдады. Біз бұл бағытта Ресей Федерациясымен жүйелі түрде ынтымақтаса жұмыс істеп жатырмыз. Тек соңғы 2 жылдың ішінде бірқатар ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асырдық. Атап айтқанда, «Лукойлмен» бірлесіп  жағармай материалдарын шығаратын зауыт, «КАМАЗ-бен» бірлесіп автомобиль бөлшектерін шығаратын екі жоба, «Татнефтьпен» бірлесіп  дөңгелек шығаратын зауыт және басқа да бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Алайда, Одаққа мүше өзге елдермен арадағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың әлеуеті әлі пайдаланылмай отыр. Ірі әрі өзекті инвестициялық жобалардың жетіспеушілігі байқалады. Үкіметтерге интеграциялық ықпалдастықтың осы бағытын күшейтуді тапсырған жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы трансшекаралық көлік жолдары мен логистикалық хабтардың әлеуетін арттыру маңызды деп санайды. Оның пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақтың «Бір белдеу, бір жол» бастамасына ұштасуы және заманауи логистикалық инфрақұрылымның қалыптасуы Одақтың әлемдік тауар тасымалына тигізетін экономикалық әсерін айтарлықтай күшейтеді.

– Одаққа мүше мемлекеттер инфрақұрылымдық және көліктік жобалардың топтамасын дайындады. Олардың жүзеге асырылуын жеделдету ғана емес, сондай-ақ  трансшекаралық тауарлардың легіне көрсетілетін қызметтер үшін оңтайлы тарифтік баға жасау да маңызды. Біздің көліктік ведомстволарды мейлінше тығыз ынтымақтастық жасауға тағы да шақырамын. Бұдан бөлек Комиссия тараптармен бірлесіп, көлік дәліздеріне, кедергілерге, шекарадағы кептелістерге кешенді сараптама жасап, келеңсіздіктерді жоюдың нақты шараларын ұсына алар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, пандемияның салдарын біртіндеп жоюды ескере отырып, үшінші елдермен және одақтармен ынтымақтастық орнату аса маңызды болмақ.

– Израиль, Египет, Үндістан елдерімен еркін сауда-саттық туралы келісім жасау жөнінде келіссөздердің жүргізіліп жатқанына 5-6 жыл болды, ал Моңғолия мен Индонезия нарықтары екі жылдан астам уақыттан бері зерттелуде. Комиссия келіссөздер үдерісін жылдамдатып, өзге елдермен сауда-саттық жөнінде ынтымақтастық орнату үшін ұсыныстар дайындағаны жөн болар еді деп ойлаймын. Бұл жұмыстардың біршама кешеуілдеуі пандемияға байланысты екені түсінікті. Бірақ осы күрделі жағдайдан біртіндеп шығып, келіссөздерді тездетуге болар еді. Шанхай ынтымақтастық ұйымымен арадағы ықпалдастықты да арттыру маңызды. Бұл бағытта алғашқы және аса маңызды қадам жасалды. Биылғы қыркүйекте Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ендігі жұмыстар нақты іске асырылатын бағытта жүргізілуі керек. Жаңа сауда бірлестігі – Жан-жақты қамтылған өңірлік экономикалық серіктестікпен өзара іс-қимылдардың жолдарын пысықтаған жөн болар еді, – деді Мемлекет басшысы.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың климатқа қатысты күн тәртібі оған мүше мемлекеттердің экологиялық қауіпсіздік пен көміртегіне бейтарап даму бағытына көшудің жаһандық мақсаттарына бейілді екенін көрсетеді деп санайды. Бүгінде Қазақстан парниктік газдардың қалдығын азайтуға арналған ұзақмерзімді стратегияны әзірлеу саласындағы Париж келісімінің міндеттемелерін орындау үшін белсенді жұмыс жүргізе бастады. 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегінен бейтараптыққа қол жеткізу Доктринасының жобасы әзірленді. Бұл бағыт бойынша Президент Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер экономикасының ерекшелігі мен құрылымын ескере отырып, күн тәртібіндегі «жасыл» экономика мақсаттарына қол жеткізу үшін үкіметтер арасындағы тәжірибе алмасу мен ықпалдастықты жолға қоюды ұсынды.

Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның Одақ аясындағы өзара тиімді экономикалық интеграцияның әлеуетін іске асыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастырудың екінші кезеңіне көшу туралы шешімді бекітті. Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастырудың ұйымдастырушылық және әдістемелік негізін жасауға бағытталған бірінші кезеңнің іс-шаралары табысты орындалды.

Одақтың мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шарттың жобасын әзірлеу екінші кезеңнің негізгі нәтижелері  болуға тиіс.

Сонымен қатар мемлекеттер басшыларының Климат мәселесі жөніндегі мәлімдемесі мақұлданды. Онда Одаққа мүше елдердің экологиялық қауіпсіздік пен көміртегіне бейтарап даму бағытына көшудің жаһандық мақсаттарына және агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп, энергетика, көлік салалары бойынша экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бейілді екені көрсетілген.

Сонымен қатар маңызды тауарлардың тізімін Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметі Бірыңғай тауар номенклатурасының жаңартылған нұсқасымен сәйкестендіру туралы шешім қабылданды. Ол 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Мемлекеттер басшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысын, сондай-ақ «Жаһандық өзгерістер кезеңіндегі экономикалық интеграция» атты Бірінші Еуразиялық экономикалық форумды биыл 10 желтоқсанда Алматы қаласында өткізуге уағдаласты.  
 

Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша бекітілген актілер тізімі

1. «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге үшінші елдердің экономикалық қысымы туралы» мәселе аясындағы нұсқаулық.

2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің климаттық күн тәртібі аясындағы экономикалық ынтымақтастығы туралы мәлімдеме (Комиссияның және ұйымға мүше мемлекет басшыларының ресми сайттарында жариялау)

3. «Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың екінші кезеңіне көшу туралы» шешім.

4. «Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің маңызды тауарлар тізіміне өзгерістер енгізу туралы қабылдайтын шешіміне қатысты импорттық кедендік баж мөлшерлемесін өзгерту туралы шешім.

5. Еуразиялық экономикалық комиссия мен Еуразиялық экономикалық одақ сотындағы Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерді зейнетақымен қамтамасыз етуге қатысты 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама.

6. «2019 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы сыртқы аудиттің нәтижелері туралы» шешім.

7. «Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысын өткізу уақыты мен орны туралы» Өкім.

8. «Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы мүшесінің өкілеттігін тоқтату туралы» шешім.

9. «Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшесін тағайындау туралы» шешім.