Басты бетҚасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов кеңейтілген форматта екіжақты келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов кеңейтілген форматта екіжақты келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов кеңейтілген форматта екіжақты келіссөз жүргізді

Түрікменстан, Ашхабад қаласы

Екі ел басшылары шағын форматта өткен кездесуден кейін келіссөзді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен одан әрі жалғастырды.

Қазақстан Президенті бауырлас Түрікменстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарына зор мән беретінін айтты.

– Бұл оқиға – ерекше сипатқа ие, сондай-ақ Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық, тату көршілік қатынастарды және өзара қолдау шараларын мүлде жаңа деңгейге көтеруге – ортақ мақсатқа қол жеткізуге бағытталған маңызды қадам, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің тәуелсіздігінің 30 жылдығында өтіп жатқан бүгінгі кездесудің символдық мәні бар екеніне тоқталып, қазақстандықтардың атынан түрікмен халқын осынау мерейлі мерекемен құттықтады.

– Қазақстан Түрікменстанның бейбітсүйгіш саясатын және Сіздің Орталық Азия аймағында да, еуразиялық кеңістікте де кооперацияны одан әрі нығайтуға бағытталған бастамаларыңызды толық қолдайды. Түрікменстанның сыртқы саясаты тұрақты ынтымақтастыққа негізделген. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мақұлдаған Түрікменстанның бейтарап ел мәртебесін қолдаймыз. Түрікменстан жуырда Каспий – Аваза інжу-маржандарында Аймақ елдері басшыларының Консультативтік кездесуін сәтті өткізді. Кездесу өте табысты болды және оның Орталық Азияның барлық елі арасындағы ықпалдастыққа тың серпін бергені сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті. 

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық қазақ-түрікмен көпжақты байланыстарының негізгі өзегі саналатынын еске салды.

– Жаһандық пандемияға байланысты екіжақты тауар айналымы біршама төмендегенімен, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттықтың өсімі 30 пайыздан асқаны байқалады. Әрине, бұл біздің мүмкіндіктеріміздің шегі емес. Сонымен қатар энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары бойынша өте мол резервіміз бар, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесінің 2022 жылы Түрікменстанның Қазақстандағы Мәдени күндерін өткізу туралы ұсынысын қолдады. Мемлекет басшысы елімізде түрікмен өнерпаздарының өнерін толық көрсетуіне кепілдік бере отырып, бұл оқиғаны мәдени-рухани байланыстар саласындағы маңызды бағыт деп атап өтті.

Мемлекет басшысы жалпы құны 130 миллион доллардан асатын тауардың 60 түрі бойынша Түрікменстанға тасымалданатын өнімдерді ұлғайтуға Қазақстанның дайын екенін жеткізді.

– Бұл міндетті орындай алатынымызға сенімдімін. Атап айтқанда, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе ұн мен бидайды нарықтық баға бойынша өзара тиімді тасымалдау ісін арттырудың перспективасы бар екенін көріп отырмыз. Бұған дейін Қазақстан түрікмен тарапымен арадағы уағдаластық бойынша қолжетімді бағада бидай экспортын бастаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында кездесу аясында талқыланған барлық мәселе қазақ-түрікмен қатынастарының ерекше сипатқа ие, сондай-ақ тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілдігіміздің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегі құжаттарға қол қойылды:

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің бірлескен мәлімдемесі;

 - Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасында Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шарт;

- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім;

- Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрікменстан Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім;

- Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Түрікменстанның Қорғаныс министрлігі арасындағы қорғаныс саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім;  

- Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Түрікменстанның Мемлекеттік кеден қызметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанның арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала мәлімет алмасуды ұйымдастыру туралы келісім;

- Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түрікменстанның телевизия, радио және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы ақпарат саласы бойынша ынтымақтастық орнату туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Түрікменстанның министрлер кабинетіне қарасты Көлік және коммуникациялар агенттігінің «Түркменавтоолаглары» агенттігі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдарын дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Түрікменстан Министрлер Кабинетіне қарасты Көлік және коммуникациялар агенттігі арасындағы жүктерді және жолаушыларды тасымалдау мен олардың транзиті туралы өзара түсіністік туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Түрікменстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы әлеуметтік-еңбек саласы бойынша ынтымақтастық орнату ниеттері туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мен Түрікменстан Мемлекеттік статистика комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Түрікменстанның Мәдениет министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Түрікменстанның Сауда және сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі арасындағы сауда ынтымақтастығы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

 - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Түрікменстан министрлер кабинетіне қарасты «Türkmendemirýollary» көлік және коммуникация агенттігі арасындағы теміржол көлігі саласы мен контейнерлік тасымалдарды дамыту саласы бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Түрікменстан Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

- «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Махтумкули атындағы Түрікмен мемлекеттік университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

- «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Түрікменстан Сыртқы істер министрлігіне қарасты Халықаралық қатынастар институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

- «Jusan Mobile» акционерлік қоғамы мен «Түркментелеком» электр байланысы компаниясы арасындағы Түрікменстан/Қазақстан Республикасы шекарасында кабельдік шекара өткелін салу және электр байланысының ақпараттық коммуникациялық желілерін түйістіру ниеті туралы келісім.