– Алдағы бес жылда Алматы мен Алматы агломерациясы тұрақты энергиямен және жылумен қамтамасыз етіледі. Белгіленген жоспарды жүзеге асыру тұрғысынан алғанда, Мемлекет басшысының өзі осы капсуланы қалап, тиісті жұмыстарды бастап бергені үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді Президент.Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы мен қала басшылығына, сондай-ақ ЖЭО қызметкерлеріне барлық жұмысты мерзімінде және сапалы орындауға шақырды. Сонымен қатар аталған өңір еліміздің негізгі экономикалық орталықтарының бірі болғандықтан, бұл жұмыстардың аса маңызды екенін атап өтті.
– Ең бастысы, біз экологияны жақсартып, тұрғындарды таза ауамен қамтамасыз етеміз. Мен үшін бұл аса маңызды. Менің тапсырмам бойынша Үкімет қаланың ауасын тазарту үшін қажетті шараларды қабылдайды деп алматылықтарға уәде бердім. Шын мәнінде, бірнеше жыл бойы қала тұрғындары экологияның ластануынан зардап шегіп келді. Біз бұл мәселені түбегейлі шешуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы жобаның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жүзеге асырыла бастауының символдық мәні бар екенін айтты.
– Бұл бастама Алматының жасыл әрі таза қала деген бұрынғы мәртебесін қайтарып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратынына сенімдімін, – деді Президент.Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ЖЭО-2 жұмысшыларымен әңгімелесіп, оларды бүгінгі айтулы оқиғамен құттықтады.