Басты бетМемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар, инвестиция тарту және өзге де әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде есеп берілді. Премьер-Министр эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталғанын және COVID-19 індетін жұқтыру көрсеткішінің төмендегенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы айда коронавирус жұқтырғандар саны 2,4 есеге, стационарларда ем алып жатқандар 1,4 есеге, амбулаториялық жағдайда емделушілер 1,8 есеге азайған. Халыққа вакцина салу жөніндегі жоспарлы жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 8,7 миллионға жуық адам екпе алған. 22 қарашадан бастап бүкіл өңірде қайта вакциналау жұмыстары басталды. Президентке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және Инфляцияға қарсы шаралар кешенін жүзеге асыру жұмыстары туралы мәлімет берілді. Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығының басым бағыттарын іске асыру барысы жөнінде баяндады. Атап айтқанда, өзара тиімді кооперациялық жобаларды дамыту, сауда-саттық саласындағы кедергілерді жою, көлік-логистикалық ынтымақтастықты нығайту, цифрлық технологияны енгізу, сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейту жөніндегі бірлескен жұмыстар жанданды. Үкімет басшысының мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы кедергілердің 80 пайызы жойылған. Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы биылғы 9 айда 32,5 пайызға артып, 52 миллиард долларға жетті. Ал үшінші елдермен арадағы сауда 32,7 пайызға ұлғайып, 596 миллиард долларды құрады.