Басты бетҚазақстан Президенті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директорымен кездесті

Қазақстан Президенті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директорымен кездесті

Қазақстан Президенті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директорымен кездесті

ДДСҰ Штаб-пәтері, Женева қаласы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцария Конфедерациясына ресми сапары ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесуден басталды.

Әңгімелесу барысында Қазақстан мен ДДСҰ арасындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы  Бас директорға еліміздің пандемияға қарсы іс-қимылдар жөнінде қабылдап жатқан шаралары, оның ішінде қазақстандық ғалымдардың коронавирусқа қарсы әзірлеген препараттары мен халыққа жаппай вакцина салу жұмыстарының жүргізілу барысы туралы мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Андханом Гебрейесуспен бұған дейінгі кездесулерін еске ала отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның сенімді әріптесі екенін атап өтті.

— Біз Сіздің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Өкінішке қарай, әлем күрделі кезеңді бастан кешіріп жатыр. Қазір коронавирустің жаңа штаммы — «Омикрон» анықталды. Біз індетпен күресте әрдайым бірге болуымыз керек, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Адханом Гебрейесуске екінші жаңа QazCoVac-P вакцинасы туралы айтты. Аталған препарат клиникалық зерттеулер фазасына кандидат вакциналар тізіміне енгізілді. Президент қазақстандық вакцинаға қолдау көрсеткені үшін ДДСҰ басшысына алғыс айтты.

Мемлекет басшысы ДДСҰ-ның вакцинаға тең құқықты және әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуге ұмтылысын толық қолдайтынын атап өтіп, қазақстандық вакцинаны мұқтаж елдердің бәріне ұсынуға дайын екенін айтты.

Кездесуде халықтың денсаулығын жақсарту үшін халықаралық күш-жігерді жұмылдыру қажет екені айтылды. Осы ретте Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесіндегі екі маңызды – алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметпен халықты жаппай қамту бағыттарын біріктіру туралы ұсынысын жеткізді.  

Тедрос Андханом Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевтың ДДСҰ-ның мақсаттары мен іс-қимылдарына, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға байланысты бастамаларына бейілділігі үшін қолдау білдірді.

Ұйымның Бас директоры өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирусқа қарсы күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар, вирустың жаңа штамдары және пандемияның одан әрі өршу сценариіне қатысты болжамдар туралы мәлімет берді. Тедрос Андханом Гебрейесус өлімге соқтыратын осы аса қауіпті індетпен күресте вакцина салудың аса маңызды екенін атап өтті.