Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының кезектен тыс саммитінің қорытындысына көңілі толатынын айтып, ҰҚШҰ бойынша одақтастарына террористік акті кезінде қолдағаны және Қазақстанға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.
Қазақстан Президенті ҰҚШҰ Бас хатшысының жеке өзінің және Хатшылықтың барлық қызметкері мен ҰҚШҰ-ның Біріккен штабының еліміздегі бітімгерлік миссиясын ұйымдастыру жөніндегі күш-жігеріне қосқан үлесін атап өтті.
– Аталған жағдай Ұйымның әскери-саяси құрылым ретіндегі маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазір Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы туралы халықаралық қоғамдастықта әңгіме болып жатыр деп ойлаймын. Ұйымның тиімділігі қазіргі жағдайда мейлінше айқын көрінді. Сондықтан келешекте ҰҚШҰ өзін пайдалы құрылым ретінде танытады деп пайымдаймын. Хатшылық өзге халықаралық ұйымдардың басшылығымен арадағы ықпалдастықты жолға қоюы керек деп ойлаймын. Бұл өте пайдалы болады. ҰҚШҰ Бас хатшысының Бітімгерлік операциялар жөніндегі арнаулы өкілінің институтын құру да өте дұрыс болады деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҰҚШҰ Бас хатшысы Қазақстанда ҰҚШҰ бітімгерлік миссиясының орындалу барысы, оның ішінде Қазақстан Президенті белгілеген мерзім ішінде Ұйымға мүше мемлекеттер контингенттерін елімізден шығаруға дайын екені туралы ақпарат берді.
Станислав Зась та Қазақстан Президенті ұсынған ҰҚШҰ Бас хатшысының бітімгерлік мәселелері жөніндегі арнаулы өкілінің институтын құру жөніндегі бастаманы жүзеге асырудың уақтылы әрі маңызды екенін құптады.