Басты бетМемлекет басшысы «ТАНЕКО» кешеніне барды

Мемлекет басшысы «ТАНЕКО» кешеніне барды

Мемлекет басшысы «ТАНЕКО» кешеніне барды
Ресей, Татарстан Республикасы, Нижнекамск   Қасым-Жомарт Тоқаевтың Татарстан жеріндегі сапары Нижнекамск қаласында жалғасты. Мемлекет басшысы Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен бірге Нижнекамск қаласындағы «ТАНЕКО» мұнай өңдеу және мұнай-химия зауыттарының кешеніне барды. «Татнефть» компаниясының негізгі мұнай өңдеу активі саналатын бұл кешен – Ресейде Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңадан салынған алғашқы өндіріс орны. Қазақстан Президентіне зауыттағы өндіріс жұмыстарының барысы таныстырылып, кешеннің өнімдері туралы мәлімет берілді. Кәсіпорын 2005-2010 жылдары салынды. Бұл алып кешенде жұмыс істеп тұрған құрал-жабдықтың 80 пайызы Ресейде шығарылған. Мемлекет экономикасына тың серпін берген жоба құрылыс индустриясының, жобалау ғылымының, машина жасаудың, инжинирингтің дамуына жол ашып, экономиканың аралас салаларындағы жұмыспен қамту мәселесіне оң септігін тигізген. Кешенде 30 түрлі өнім шығаратын 28 өндірістік қондырғы жұмыс істейді. Соның ішінде «Евро-6» стандартына сәйкес келетін АИ-92, АИ-95, АИ-100 автомобиль бензині мен дизель отыны, авиациялық керосин, кеме отыны, базалық майлар және жағармай материалдары бар. Компания басшылары Президентке Қазақстандағы Саран қаласындағы салынып жатқан шина зауыты мен Атырауда қолға алынатын каучук өндірісі бойынша жобалар туралы мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстан мен Ресей компаниялары арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтудың маңызды екенін, аталған кәсіпорындардың еліміздегі бірлескен жобаларына қолдау көрсетілетінін айтты. Мемлекет басшысы «Татнефть» компаниясында тәжірибе жинап жүрген қазақстандық жастармен кездесіп, елге білікті маман болып оралуларына тілектестік білдірді. Сонымен қатар жуырда «Татнефть» компаниясы мен Семейдегі Геологиялық барлау колледжі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Биылдан бастап қазақстандық колледж студенттері аталған ірі кәсіпорында өндірісті тәжірибеден өтеді.