Рим Папасы кездесуге мүмкіндік бергені үшін Президентке ризашылығын білдіріп, Қазақстанға ресми сапармен келетінін, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысатынын растады. Сондай-ақ өзінің Қазақстанға сапары мен алдағы уақытта өтетін форумнан үлкен үміт күтетінін жеткізді.
– Мен дінаралық диалогты, мемлекеттердің бірлігі мен жақындасуын ілгерілету тұрғысынан осы келелі жиынды тағатсыздана күтемін. Мұның қазіргі уақытта мәні өте зор, – деді Католик шіркеуінің басшысы.
Понтифик қазіргі күрделі геосаяси жағдай кезінде әлемде бірлік пен келісімге қол жеткізудің аса маңызды екенін атап өтті.
– Сіздің еліңіздің қаншалықты әралуан және тұтас екенін көріп отырмыз. Бұл – тұрақтылықтың негізі. Қазақстанда бұған түсіністікпен қарайтынына қуаныштымыз. Қолдау көрсетемін. Оған сенуіңізге болады. Сіздің күш-жігеріңізді бағалаймын, – деді Рим Папасы.Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қасиетті Тақпен рухани келісім және өзара құрмет көрсету саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін нақтылады.