Басты бет
›
Президент Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевты қабылдады
Президент Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевты қабылдады
Мемлекет басшысына министрліктің жыл басынан бері атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі есеп берілді.
Президентке қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін қабылданған шаралар туралы баяндалды. Министрлік соңғы 3 жылда пайдалануға берілген тұрғын үйлерге тексеріс жүргізіп, статистикалық деректерді анықтады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, құрылыс нарығын монополиядан арылту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде шаралар топтамасын әзірледі. Сондай-ақ баспанасы жоқ, жағдайы нашар азаматтарды қолдауға бағытталған жаңа мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бүгінге дейін аталған бағдарлама бойынша 2,5 мың өтінім мақұлданды.
Министрдің айтуынша, өнеркәсіп саласында импорт алмастыруға бағытталған 700 маңызды инвестициялық жоба даярланған. Арнаулы экономикалық аймақтар жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде шешімдер қабылданған. Пайдалы қазбалар кен орындарының бәріне тексеріс жүргізілген. Қазіргі уақытта 118 лицензияның қызметі тоқтатылған. 57 келісімшарт үзілген. Жер қойнауын пайдаланушыларға олқылықтарды жою үшін 73 ескертпе жолданған. Тау-кен және металлургиялық кәсіпорындармен бірлесіп, орта және жоғарғы шектеулі өңдеуші өнімдер өндірісін өркендету үшін кешенді шаралар әзірленген.
Сонымен қатар министрлік еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру және кеден логистикасы саласына ірі халықаралық компанияларды тарту үшін ауқымды жұмыс жүргізді.
Қайырбек Өскенбаев республикалық маңызы бар автожолдарды жаңғырту, жөндеу және салу жұмыстарына да арнайы тоқталды.
Президент еліміздің күре жолдары құрылысына қатысты мәселенің стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, оның айрықша бақылауда болатынын еске салды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес мемлекеттермен экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажет екеніне назар аударып, министрге бірқатар нақты тапсырма берді.