

– Мен сіздің шақыруыңызды зор ризашылықпен қабыл алдым. Бұл сапардың мәні ерекше. Осы маңызды сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына зор серпін беретіні сөзсіз. Соның арқасында стратегиялық серіктестігіміз де нығая түспек. Қырғызстан – Қазақстанға барлық жағынан ең жақын ел. Оны күмәнсіз айтуға болады. Биыл екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде ынтымақтастық аясы барынша кеңейіп, достығымыз нығая түсті. Біз барлық деңгейде өзара сенімге негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз бар. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрліктері ықпалдаса жұмыс атқаруда. Қазақстан тек Қырғыз елімен осындай тығыз байланыс орнатқанын ерекше атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Біз – ынтымақтастығы жарасқан бауырлас елдерміз. Екі ел арасында, тіпті өңірлеріміздің деңгейінде де ешқандай түсінбестік болған емес. Толықтай достық рухта бірге дамып келеміз, – деді Қырғызстан Президенті.

