
– Бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазір әлемдегі ахуал күрделі екенін білесіздер. Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізуге келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Бұған «Kazexport» компаниясы қолдау көрсетеді. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда, қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп уағдаластық. Сондай-ақ, азаматтардың шекарадан өтуін жеңілдетуге баса назар аудардық. Жүк тасымалы рәсімдерін жетілдіру жайын пысықтадық. Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылды. Былтыр «Қордай» бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады. Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат – шекарадағы тексерістерді азайтып, көлік кептелісін жою, – деді Қазақстан Президенті.

– Біз трансшекаралық су ресурстары ортақ байлық екенін тағы бір мәрте атап көрсеттік. Су тапшылығы мәселесі жылдан жылға күрделеніп келеді. Беделді халықаралық экологиялық ұйымдар осындай болжам жасап отыр. Су келешекте көп болмайды, тапшы болады. Бұл – анық нәрсе. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері бірлескен жұмыстарды қолға алуы қажет. Екі елге ортақ өзендер әрдайым жұртты жақындастыра түсуге дәнекер болуы керек. Қазақстан барлық міндеттемелерін толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

– Былтыр Садыр Нургожоұлының Қазақстанға сапары кезінде екі елдің жастарын жақындастыра түсетін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізген едік. Соның нәтижесінде бүгін Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылады. Бұдан бөлек, біз жас ғалымдар үшін түрлі гранттар тағайындадық. Олардың озық ғылыми идеяларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту үшін екі ел зиялыларының форумын жыл сайын өткізуді ұсындым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Қырғыз бауырларға Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі аясындағы Қазақстанның бастамаларын қолдағаны үшін ризашылық білдіреміз. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық. Уағдаластықтар мен келісімдер – соның айқын дәлелі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Жаңа Қазақстан, яғни екінші республика – бұл шын мәніндегі демократиялық қоғам деген сөз. Президенттік жүйе сақталғанымен, Парламенттің рөлі және ықпалы едәуір күшейтіледі. Халқымыздың үні және пікірі анық естілетін болады. Мен Президент ретінде осы құқықтық реформадан ешқандай артықшылыққа я жеңілдікке ие болмаймын. Мақсатым – бүкіл қоғамда оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақтың жолын ашып беру, – деді Мемлекет басшысы.
