Басты бет
›
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті
Өзбек тарапының бастамасымен өткен телефон арқылы сөйлесу барысында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанда жалпыхалықтық референдумның сәтті өтуімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке құттықтағаны үшін ризашылығын білдіріп, конституциялық реформалар еліміздің саяси және экономикалық тыныс-тіршілігін жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті Өзбекстаннан келген өкілетті делегацияның референдум барысын бақылауға қатысқанын жеткізді.
Екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің және одақтастықтың дәйекті түрде дамып келе жатқанына көңілдері толатынын айтты. Бұған белсенді саяси диалогтың жоғары деңгейі мен екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысы ықпал етеді. Екіжақты тауар айналымының көлемі қарқынды түрде ұлғайып келеді. Атап айтқанда, оның көрсеткіші бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 30 пайызға артып, 1 миллиард доллардан асқан.