Мемлекет басшысы «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» атты Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынның пленарлық отырысына қатысты.
Пленарлық сессияда Қазақстан Президентінен бөлек Ресей Президенті Владимир Путин және бейнебайланыс режимінде Египет Президенті Абдель Фаттах Ас-Сиси сөз сөйледі. Сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде форумға шақырғаны және дәстүрлі түрде жылы қабылдағаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Петербург форумының ширек ғасыр ішінде беделді сараптама платформасы мәртебесіне ие болғанын және әлемдік талқылау алаңдарының арасында лайықты орын алғанын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, форум саяси және экономикалық ахуал шиеленісіп тұрған кезде өтіп жатыр.
– Пандемияға және геосаяси шиеленістің өршуіне байланысты жаһандық теке-тірестер жаңа жағдайларға алып келді. Жаһанданудың орнына артық-кемі бар аймақтандыру дәуірі келді. Қалай болғанда да, дәстүрлі экономикалық модельдер мен сауда бағыттарының өзгеру үдерісі жеделдей түсті. Әлем жылдам өзгеруде. Өкінішке қарай, көп жағдайда жақсы жағына қарай емес, – деді Президент.
Оның пікірінше, жаңа жағдайда әлемдік тәртіптің жылдам өзгеретін құрылымын, «Шығыс-Батыс», «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттары бойынша өзара іс-қимылдың орнықты векторларының алмасуын ескеру маңызды.
– Біздің аймақтағы елдер осындай сын-қатерлерге лайықты төтеп беріп қана қоймай, олардан барынша пайда табуға тырысуы керек. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ аясында Еуразиялық интеграцияны Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасымен ұштастыру – маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару ісін жаңғырту және Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы айтты.
– Бар күш-жігеріміз экономиканың өсімі азаматтардың әл-ауқатын арттыруға пропорционалды түрде ықпал етуге бағытталған. Біз сауда-экономикалық байланысты дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, адами капиталдың өсімі мен инновацияларды енгізу үшін жағдай жасауға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы елдердің орнықты дамуы үшін ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейту, экономикамыздың өсіміне жол ашу қажет деп санайды. Осы ретте Президент аса маңызды міндетті, яғни халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті естен шығармау керек екенін айтты.
Осыған орай Қазақстан Президенті жиынға қатысушылардың назарын бірқатар маңызды мәселеге аударды. Соның ішінде, Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін арттыруды өзекті міндет ретінде атады.
– Одаққа мүше барлық елдің экономикасының жиынтық көлемі қазір 2 триллион доллардан асады. Бұл – еркін тауар айналымы, капиталы және жұмыс күші бар өте үлкен нарық. Пандемия мен дағдарыс жағдайына қарамастан, Одақ аясындағы ынтымақтастық дәйекті түрде нығайып келеді. Былтыр өзара сауда-саттық көлемі Еуразиялық экономикалық одақ құрылған уақыттан бергі ең жоғары деңгейге жетіп, 73 миллиард доллар болды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен үштен бір есе көп, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресей Қазақстан үшін басты сауда-экономика саласындағы серіктес екенін атап өтті.
– Былтыр екі елдің өзара сауда айналымы үштен бірге артып, 24 миллиард долларға жетті. Біз үшін бұл – рекорд. Биыл бұл бағыттағы оң қарқын сақталып отыр. Жаңа жағдайды ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақ аясында жаңа сауда стратегиясын әзірлеумен айналысқан орынды әрі пайдалы болар еді. Тиімділігі күмәнді контрсанкцияның орнына Азия мен Таяу Шығыс нарығын тұтас қамтитын белсенді әрі оңтайлы сауда саясатын жүргізген жөн. Қазақстан қандай да бір «буферлік нарық» қызметін атқарар еді. Жалпы, Еуразиялық интеграцияның түбегейлі жетістікке жетуі біздің бірлескен сауда стратегиямыздың тиімділігіне байланысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіп кооперациясын мүлде жаңа деңгейге көтерудің перспективасы зор екенін атап өтті. Президент ресейлік инвесторларға тиісті инфрақұрылымы бар өнеркәсіп алаңдарын ұсынуға және қолайлы жағдай жасауға әзір екенін мәлімдеді.
Президент азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән берді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін толық жүзеге асыру аса өзекті болып отыр. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректеріне сілтеме жасай отырып, Ресей мен Қазақстан әлемнің осы саладағы жетекші елдері екеніне тоқталды.
– Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі жағдайының нашарлауына байланысты аталған мәселе күрделене түсті. Ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты факторы және міндеті – тұрғындарды сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету. Сенімді азық-түлік жүйесін құру үшін инновациялық шешімдер мен озық технологияларды енгізу және азық-түлікті ысырап етуді тоқтату маңызды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін ұлттық деңгейде де, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да саралау керек. Осы ретте Одаққа мүше елдердің мүдделері ескерілуге тиіс. Келісіп жұмыс істемесе, бұл аса маңызды саладағы алға қойған мақсаттарға қол жеткізу қиындай түседі. Яғни, шектен тыс инфляцияға, азық-түлік тапшылығына қарсы күрес – баршамызға ортақ міндет, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселесін тағы бір маңызды міндет ретінде атады.
– Қазақстан интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы бола отырып, басқа да халықаралық ұйымдармен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықты тұрақты қолдап келеді. Петербург форумының аясында Үлкен Еуразиялық серіктестікті қалыптастыру мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұл тұжырымдама өңірлік ұйымдардың тең құқықты ынтымақтастығының ортақ кеңістігін құруға бағытталмақ. Сондықтан Қазақстан Үлкен Еуразиялық серіктестік құру үдерісін құптайды, – деді Президент.
Биыл Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымына төрағалық етуде. Мемлекет басшысының айтуынша, ТМД-ның құрылған уақыттан бергі мол тәжірибесі күрделі геосаяси жағдайда көпжақты диалогтың тиімді екенін көрсетті.
– ТМД осындай мегажобаны іске асыруда мейлінше қолайлы база бола алады деп ойлаймын. Бұл ретте, ШЫҰ, АСЕАН, ЕЭО Үлкен Еуразиялық кеңістіктің ажырамас бөлігі болар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы он жылда достық ниеттегі Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері аймақтағы мемлекеттердің экономикасына қаржы салатын ірі инвесторлар болуы мүмкін деп санайды.
– Қытай – Қазақстанның экономика және сыртқы сауда саласындағы басты серіктесі. Бұл ел соңғы 15 жылдың ішінде экономикамызға 22 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Сондықтан Қытаймен арадағы көпжақты ынтымақтастықты тереңдете түсу – еліміз үшін аса маңызды міндет, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес құрылымдары арасындағы тікелей байланыстарды нығайту және жаңа көлік-логистикалық дәліздерді ашу қажет екенін айтты.
– Күш біріктіре отырып, серпінді инновациялық-технологиялық жобалар топтамасын жасау, үздіксіз көлік-логистика жүйесін құру, түптеп келгенде, елдеріміздің экономикасының өсімі үшін жаңа мүмкіндік туғызу перспективті болады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сөйлеген сөзінде климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерді де қозғады. Атап айтқанда, «жасыл» инвестицияларды көбейту мүмкіндіктерін кеңейту жоспары мен экологиялық проблемаларды шешу жолдары сөз болды.
– Былтыр жауын-шашынның аздығынан өзендердің суы таяз болып, диқандарымыздың көпшілігі құрғақшылықтан қатты зардап шекті. Трансшекаралық Жайық өзенінің жағдайы өте ауыр. Мемлекеттеріміз орнықты даму үшін мұндай ұзақмерзімді міндеттерді бірлесіп шешуі керек деп есептеймін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жоғары сапалы адами капитал мен конструктивті мәдениетаралық диалогты экономикалық өсімнің сенімді көздері ретінде атады.
Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мәдени әралуандықты сақтау және ғаламдық деңгейде өркениетаралық диалогты ілгерілету саясатын ұстана беретінін нақтылады. Мемлекет басшысы биыл қыркүйек айында елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі туралы айтып, осы жиынға Ресей дін қайраткерлерінің қатысқаны жөн екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бейбіт, тұрақты және экономикалық тұрғыдан қуатты Еуразия құру жаһандық ауқымдағы орнықты дамудың және инклюзивті өсімнің қуатты факторына айналатынына сенім білдірді.
– Халықаралық жағдайды қалыпқа келтіруге және әлемдік экономиканың өсімін дұрыс жолға салуға бағытталған табысты идеяларды іздеу үшін жоғары деңгейдегі сарапшыларды біріктіретін мұндай беделді пікірталас алаңының әлеуеті зор, – деді Қазақстан Президенті.
Негізгі спикерлердің баяндамасынан кейін жиын сұрақ-жауап форматында жалғасты.