– Құрметті Владимир Владимирович, мен Сіздің осы беделді форумға қатысуға шақыруыңызды ықыласпен қабылдадым. Сіздің баяндамаңызды мұқият тыңдадым. Мазмұны мен көлемі жағынан бұл баяндамаңыз халыққа арналған тұтас жолдауға тең келеді. Аудитория мұны өте жылы қабылдады. Бұған пікір білдірушілер де аз болмайды деп ойлаймын. Екіжақты ынтымақтастыққа келер болсақ, алаңдаушылыққа негіз жоқ. Бәрі қалыпты жағдайда. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салалары бойынша нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Биыл ерекше жыл – дипломатиялық қатынастарымызға 30 жыл. Екіжақты ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл бағыттағы қарым-қатынастарымыз одан әрі қарқынды дами береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.Өз кезегінде Ресей Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар одан әрі нығая беретінін айтты.
– Петербург экономикалық форумына келгеніңіз үшін көп рахмет. Біз үшін елдеріміз арасындағы ерекше қатынастарды атап өту және өзіңізбен негізгі бағыттар жөнінде, әсіресе экономика саласы бойынша пікір алмасу маңызды. Жаңа ғана форум аясында осыны айттық. Айтпақшы, осы форумда 7 миллиард деп қате айтыппын. Қазақстан экономикасына салынған инвестиция 17 миллиард доллар. Тауар айналымы артып келеді. Сіз жаңа ғана бұл туралы айтып өттіңіз. Былтыр осы көрсеткіш 25 миллиард доллар болса, биыл алғашқы үш айда 12 миллиардтан асқан. Егер осындай қарқынмен дами берсе, рекордтық көрсеткішке қол жеткіземіз. Биыл елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл. Алдымызда өңірлік форум бар. Жалпы үкіметтеріміз белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, – деді Владимир Путин.