Басты бет
›
Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады
Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективалары жөнінде баяндалды.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазіргі кезеңде облыстың экономикасында оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының даму көрсеткіші – 102,8, өңдеу өнеркәсібінің өсімі – 105,2, сауда – 103, құрылыс – 114,3 пайызға артқан. Облыс әкімдігі жыл соңына дейін осы қарқынды сақтап қалуға ниетті.
Президент азаматтардың сенімін ақтау, сондай-ақ облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау маңызды екенін айтты.
Мемлекет басшысына әкімшілік-аумақтық реформалардан кейінгі жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып, Алматы облысы мен Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына өзгерістер енгізілетіні жөнінде ақпарат берілді. Әкімнің айтуынша, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, сауда және туризм сияқты экономиканың инвестициялық тартымды секторларына ерекше көңіл бөлінеді.
Марат Сұлтанғазиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс орталығын Қонаев қаласына көшіру жұмыстары жөнінде баяндады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған кешенді шаралар жөнінде есеп берілді.
Президент жаңа әкімге облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, үш ауысымдық мектептерге, ирригациялық жүйелерді жаңартуға, медицина және қоғамдық көлік мәселелерін шешуге қатысты бірқатар міндет жүктеді.