Басты бет
›
Мемлекет басшысы Ядролық медицина орталығына барды
Мемлекет басшысы Ядролық медицина орталығына барды
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасына барып, жаңа нысандары – Ядролық медицина орталығы мен емдік-диагностикалық блокпен танысты.
Президентке алдымен қыркүйек айында ашылатын Ядролық медицина орталығының диагностика блогы таныстырылды. Ядролық медицина орталығының іске қосылған кезде диагнозын қою қиын қатерлі ісік ауруларын, сондай-ақ кардиология және неврология ауруларын ерте кезеңінде анықтайды. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа орталықтың қызметі – емделуге жолдама берілген әрбір қазақстандыққа ортақ.
Бұл орталықтың ерекшелігі – қазіргі кезде әлемдік медицина индустриясында қолжетімді позитронды эмиссиялық компьютер томографиясы. Сканерлеу жылдамдығы жоғары бұл аппарат диагноз қою сапасын арттырады. ПЭТ/КТ зерттеуінен өтетін пациенттердің санын жылына 3 мыңнан 7 мыңға дейін арттырады. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта бұл аппараттың Орталық Азия мен ТМД елдерінде баламасы жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа циклотронды-өндірістік кешен мен диагностикалық блоктан тұратын бірегей Ядролық медицина орталығының басқа да мүмкіндіктері туралы баяндалды. Атап айтқанда циклотронды кешен арқылы 9 радиофармпрепарат өндірісіне жол ашылмақ. Қазақстанда бұл препараттардың сегізі бұрын өндірілмеген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа емдеу-диагностикалық блокты аралап көрді. Бұл жерде күрделі ауруларға шалдыққан науқастарды емдеу мен оңалтудың тәсілдері арқылы 7 терапиялық бөлімше жұмыс істейді.
Президент дәрігерлермен және ғалымдармен пікірлесіп, Ядролық медицина орталығының қызметі бүкіл еліміз үшін айтулы оқиға болатынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев орталық қызметі азаматтардың денсаулығын жақсартуға және қазақстандықтар үшін заманауи медициналық технологиялардың қолжетімділігін арттыруға қызмет ететініне сенетінін жеткізді.