
Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты халықаралық конгресс орталығында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Содан кейін құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Өзбекстанның әнұрандары орындалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды. Бұдан соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсетіп қарсы алған Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, мемлекеттік сапардың маңыздылығын атап өтті.– Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан бауырлас халықтар. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас, тағдырлас елдеріміздің мақсат-мұраты да ортақ. Сондықтан мен бүгінгі сапарға айрықша мән беремін. Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.







