
Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласы
Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайтуға, инвестиция тартуға, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, транзит әлеуеті және көлік логистикасы салаларындағы кооперацияны дамытуға баса мән берді. Сондай-ақ білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара іс-әрекет мәселесі де талқыланды.
– Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді. Бұдан бөлек, бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылады. Бұл тарихи келісім Қазақстанның оңтүстігіндегі мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық тұрғыда рәсімдеу ісін толығымен аяқтайды, – деді Президент.Мемлекет басшысы одақтастық қарым-қатынасты нығайту жолындағы бірлескен іс-әрекеттер бүкіл Орталық Азияның орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынын атап өтті.


– Сіздің мемлекеттік сапарыңыз біздің ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және өзара қолдау сипатындағы байланыстарымыздың қаншалық берік екенін тағы нақтылай түседі. Біздің халықтарымыздың тарихы мен тағдыры бір-бірімен біте қайнасқан. Елдеріміздің тарихи тамыры ортақ әрі біз өзекті мәселелерді бірлесе шешеміз, – деді Өзбекстан Президенті.
