Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласы
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Қазақстан Президенті, ең алдымен, Шавкат Мирзиёевке мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Өзбекстан ұзақ жылдар бойы Қазақстанның осы аймақтағы басты стратегиялық серіктесі болды, ал бүгінде сенімді одақтасқа айналды.– Белсенді саяси диалогтың және екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде қазақ-өзбек қатынастары барлық бағытта бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Біз жаңа ғана Шавкат Миромонович Мирзиёевпен бірге тарихи келісімдерге қол қойдық. Бұл құжаттардың мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен өзара бауырластық қарым-қатынастар жылнамасына алтын әріппен жазылатынына кәміл сенемін. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шарт халықтарымыздың байланысын одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылысын білдіреді және елдеріміздің түбегейлі мүдделеріне сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Сонымен қатар Президент мемлекеттеріміздің ортақ шекарасын құқықтық тұрғыда қамтамасыз еткен, болашақ ұрпақ арасындағы ынтымақтастықтың мызғымас негізін қалаған Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартқа қол қойылуын жоғары бағалады. Оның айтуынша, бұл қадам ғасырлар бойғы достығымыз бен тату көршілік қатынастарымызды сақтау жөніндегі бабалар өсиетінің орындалғанын көрсетеді. Келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Өзбекстанның екіжақты сауда саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін орасан зор әлеует бар деген ортақ байламға келді.Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде былтыр тауар айналымы шамамен 4 миллиард долларға жеткенін, бұл қарқын биыл да сақталып отырғанын атап өтті. Биыл жыл қорытындысы бойынша тауар айналымы шамамен 5 миллиард долларға жетеді.
– Сауда-саттықты одан әрі дамыту мақсатында тауарлар номенклатурасын кеңейту және елдеріміздің сауда-экономикалық ықпалдастығын тежейтін кедергілерді жоспарлы түрде жою үшін тиісті шаралар қабылдауға келістік, – деді Мемлекет басшысы.Сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясы саласындағы өзара іс-әрекетті кеңейту басым міндет ретінде атап өтілді. Машина жасау, фармацевтика, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп салаларында 10 бірлескен кәсіпорын ашылып, табысты жұмыс істеп жатқаны туралы айтылды.
– Бүгін Өзбекстан Президентімен бірге өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін бірқатар бірлескен ірі жобаны іске қостық. Сонымен қатар кеше аймақаралық бизнес-форум аясында құны 2,5 миллиард доллардан асатын өзара тиімді коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды. Жалпы, сапар қорытындысы бойынша құны 8 миллиард доллардан асатын инвестициялық келісімдер мен екіжақты құжаттарға қол қойылды. Мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті кеңейтуге Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы тың серпін беруге тиіс. Ол Орталық Азиядағы ең ірі сауда-өнеркәсіп хабына айналып, елдеріміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп саласындағы өзара сауда көлемін ұлғайту перспективаларына назар аударды. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы тауар айналымы 30 пайызға артып, 1 миллиард доллардан асты.
– Біз ет өнімдерін өндіретін, өңдейтін, көкөністер мен жеміс-жидектерді қаптайтын, майлы дақылдар, бидай, картоп өсіретін бірлескен кәсіпорындар ашу мүмкіндігін қарастыру үшін үкіметтерімізге тапсырма беруге келістік. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені саласы бойынша кадрлар даярлауға және оны ғылыми тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту қажеттігі атап өтілді. Жаһандық нарықтағы тұрақсыздық жағдайында бүгінгі қабылданған шешімдер елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосады деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.Тараптар аймақтағы сауда-көлік дәліздерін дамыту мәселесін де талқылады. Бұл бағытта Қазақстан мен Өзбекстан маңызды рөл атқарады. Екі ел басшылары Дарбаза – Мақтаарал темір жол құрылысын тезірек аяқтау үшін күш салуға уағдаласты. Бұл Сырдария стансасына шығуға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағыт «Сарыағаш» өткізу пунктінің транзиттік әлеуетін кеңейтуге және жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Қазақстан компаниялары түрлі көлік қатынастары құрылысына белсенді атсалысуға және қажетті материалдарды жеткізуге дайын. Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесе дамытуға уағдаластық, – деді Президент.Сонымен қатар келіссөз барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективалары, атап айтқанда, жеткізу, транзит және көмірсутегін өңдеу мәселелері қарастырылды. Екі ел үкіметтеріне энергетика саласындағы екіжақты қатынастардың өзекті бағыттары бойынша нақты ұсыныс беру тапсырылды. Мемлекеттер басшылары Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің ресурсын тиімді пайдалану мәселелеріне қатысты үйлесімді жұмыстарды жалғастыруға келісті. Бұл бағыттағы түйткілдерді тезірек шешу үшін бірлескен шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударылды. Дәстүр бойынша мәдени-гуманитарлық байланыстарға баса мән берілді. Мемлекет басшысы халықтарымыздың ғасырлар бойғы достығы шынайы тату көршілік қатынастар мен өзара құрметтің жарқын үлгісі болатынын айтты.
– Ортақ мәдени-рухани құндылықтарымызды одан әрі байыта түсу үшін өткен аптада Астанада Өзбекстанның Мәдениет күндері табысты өтті. Ал бүгін Ташкент тұрғындары мен қонақтарына қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абайға арналған көрмені тамашалауға мүмкіндік туды. Біздің ортақ тарихымызға құрмет көрсеткені, Қазақстанның мәдени мұрасын дәріптегені үшін Шавкат Миромонович Мирзиёевке және бауырлас барша өзбек халқына ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Делегация өкілдерінің кездесуі барысында жастар арасында өзара байланыстарды дамыту бастамаларына, соның ішінде университетаралық ынтымақтастық аясында қолдау көрсету ісіне көңіл бөлінді. Тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші оқу орындарында теңгерімді негізде филиалдар ашу жоспарын құптады. Президент сапар аясында өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер де талқыланғанын атап өтті. Әсіресе, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан- Өзбекстан мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойды. Сонымен қатар ресми делегациялардың мүшелері мемлекеттер басшыларының қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойды: 1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру туралы негіздемелік келісім; 2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі арасындағы Электрондық сауда жүйесін дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум; 3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; 4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; 5. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Орман шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы Орман шаруашылығы саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум; 6. 2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама; 7. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум; 8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызметті дамыту агенттігі арасындағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум; 9. Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Науаи облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы; 10. Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Жизақ облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы 11. Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы; 12. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Узбекнефтгаз» АҚ арасындағы келісім; 13. «Eurasian Resources Group S.а.r.L.» компаниясы мен «Sanoat Energetika Guruhi Enera» ЖШҚ арасындағы Ынтымақтастық туралы келісім; 14. «Қазфосфат» ЖШС, «Узкимёсаноат» АҚ және KP Fertilizers Ltd. арасындағы Өзбекстан Республикасында минералды тыңайтқыштар өндіру жөніндегі бірқатар кешендер құрылысының инвестициялық жобаларын іске асыру шеңберіндегі бірлескен әріптестік туралы келісім; 15. «PTC Holding» ЖШС (Қазақстан Республикасы) мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимиаты арасындағы Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандум.