Басты бет
›
Мемлекет басшысы Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловты қабылдады
Мемлекет басшысы Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловты қабылдады
Кездесу барысында елімізде шахматты дамыту мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жуырда Қазақстанда Халықаралық шахмат федерациясымен (FIDE) бірлесіп ұйымдастырылған халықаралық турнирлердің қорытындысы жөнінде мәлімет берілді.
Тимур Турлов федарацияның алдағы кезеңге арналған жоспары туралы айтты. Атап айтқанда, федерация еліміздегі шахмат секцияларының санын 2 есе, яғни 7 мыңнан 14 мыңға дейін ұлғайтуды, шахматты одан әрі дәріптеу жұмыстарын жалғастыруды, осылайша зияткерлік ұлт қалыптастыруға үлес қосу жөніндегі Президент тапсырмаларын орындауды көздейді. Сондай-ақ федерация Қазақстан құрамасы көшбасшыларының әлеуетін танытуды, жаңа чемпиондарды тәрбиелеп шығаруды мақсат етіп отыр.
Мемлекет басшысына әлем чемпионы атағы үшін биыл 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында Астанада өтетін шахмат жарысына даярлық барысы туралы баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық шахмат шеберлерінің халықаралық аренадағы жетістіктеріне жоғары баға берді. Оның айтуынша, елімізде әлемнің үздік шахматшыларының қатысуымен ірі жарыстар ұйымдастыру балалар мен жастар арасында осы спорт түрінің танымалдылығын арттыруға ықпал етеді.