Басты бет
›
Мемлекет басшысына Қазақстандағы кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндама ұсынылды
Мемлекет басшысына Қазақстандағы кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндама ұсынылды
Президенттің қарауына Үкімет Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы енгізді.
Құжатта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі индикаторлары, «Атамекен» ҰКП қызметінің қорытындысы және бизнестің мәселелерін шешу жөніндегі шаралар қамтылған.
Баяндамаға сәйкес, 2021 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің (ШОК) үлесі 33,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіштің негізгі бөлігі шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі. Олардың ЖІӨ-дегі үлесі – 26,8 пайыз. 2015 жылдан 2020 жылға дейін елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 24,9 пайыздан 32,8 пайызға дейін артты. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аяқталғаннан кейін ЖІӨ-дегі ШОК үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін өсуге тиіс.
Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,4 миллионға (өсім 5,5%) жетті. Олар 3,5 миллион адамды жұмыспен қамтып отыр (өсім 1,1%).
2021 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріндегі еңбек өнімділігі 20 пайызға өсіп, бір адамға шаққанда 8 миллион теңгеге жетті.
Аймақ бойынша 2021 жылы шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі ең көп үлесі Астана (ЖӨӨ-нің 59%), Алматы (47,5%) және Шымкент (40,5%) қалаларында байқалды.
Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде былтырғы 1 қазандағы мәлімет бойынша 5200 жаңа кәсіпорын ашылды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 47,7 мың құжат әзірленіп, дайындалды. Құны 119,6 миллиард теңге болатын 48,5 мың жобаға қолдау көрсетілді. 16,9 мың кәсіпкердің бизнесі кеңейтілді.
Кәсіпкерлік қызмет саласына жаңа реттеуші саясатты енгізу аясында «Атамекен» палатасы мен Үкімет жаңа реттеуші саясаттың негізгі шарттарына сай келмейтін 9560 талапты анықтады.
«Басынан бастап реттеу» реформасы бизнестің жүктемесін орта есеппен 30 пайызға азайтуға және оңтайлы әрі түсінікті реттеуші орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар баяндамада кәсіпкерлік қызметтің дамуына ұсақ және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторий оң ықпал ететіні айтылған. Аталған шара осы жылдың соңына дейін ұзартылған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден қорғау және бизнесті қылмыстық процеске заңсыз тартуды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылданды. Бас прокуратура 2023 жылға арналған бизнесті қорғау жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың кешенді жоспарын бекітті.
2022 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметін трансформациялау ісі қолға алынды. Палата өз жұмысында ұсақ және шағын бизнесті қолдауға баса мән береді.