
– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Мен Сіздің жақында Сыртқы істер министрлігінде сөйлеген сөзіңізді тыңдадым. Онда Ұлыбританияның сыртқы саясаттағы ұзақ мерзімді ұстанымы қамтылды және шын мәнінде, өте маңызды мәселелер айтылды, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Біздің ынтымақтастығымыз, әсіресе, экономика және саяси салаларда өте табысты деп баға бергім келеді. Өзара байланыстарымыздың оң бағытын одан әрі ілгерілету үшін қосымша күш-жігер жұмсауымыз керек, – деді Президент.

– Сіздің еліңіз – аймақтағы біздің негізгі сауда серіктесіміз. Экономикалық өсімге бағытталған жоспарды жүзеге асыру мақсатында бірлесіп жұмыс істеу үшін жақсы мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан салық саласындағы реформалар бағдарламасы өзара тиімді экономикалық қатынастарды нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын, – деді Ұлыбритания министрі.Сонымен қатар кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джеймс Клеверли өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
