Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қарағанды облысындағы кен орнында болған апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары әлі келіп жатыр.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қайғылы оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына көңіл айтты.
«Қазақстанның Қарағанды облысындағы шахтада болған апат салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қытай Үкіметінің және халқының, сондай-ақ өзімнің атымнан қайтыс болған азаматтардың отбасылары мен жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.
Көңіл айту жеделхаттарын Болгария Президенті Румен Радев, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Албания Президенті Байрам Бегай, Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы Желька Цвиянович, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталықтың басшысы Каха Имнадзе және басқалар жолдады.