Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті елінің айтулы жетістікке қол жеткізуімен, атап айтқанда, Әзербайжанның 2024 жылы климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы өтетін мемлекет ретінде таңдалуымен құттықтады.
– Бұл шешім – Сіздің еліңіздің халықаралық аренадағы беделі жоғары екенінің айқын дәлелі. Сондай-ақ Әзербайжанның тиімді және прогрессивті саясаты мен климатқа қатысты жаһандық күн тәртібіндегі асқақ мұраттарға бейілдігін мойындағанын білдіреді. Осынау ауқымды форумды көрікті Баку шаһарында өткізу Орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге елеулі үлес қосып, заманымыздың ең өзекті міндеттерінің шешімін табуға септігін тигізетініне, сонымен қатар аймақтық сипаттағы экологиялық мәселелерге әлемдік қоғамдастықтың назарын аударатынына сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.
Мемлекет басшысы әзербайжандық әріптесіне COP29 конференциясын табысты әрі нәтижелі өткізу үшін Қазақстанның жан-жақты көмек беруге дайын екенін жеткізіп, шараға белсенді қатысатынын айтты.