Қазақстан ауқымды демократиялық реформалар жүргізіп, өзінің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес адам құқықтарын қорғайды.
Демократияны дамыту, адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігін нығайту мақсатында қажетті заңнамалық жағдай жасалды.
Атап айтқанда:
- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарын енгізу шеңберінде Қазақстан азаматтары саяси шешімдер қабылдау процесіне кеңінен қатысатын болды;
- Саяси басқарудың теңгерімді жүйесі құрылып, есеп беретін Үкімет және ашықтық қағидаттары енгізілді. Мақсат – елімізді саяси тұрғыда трансформациялау және «Әділетті Қазақстанды» құру үшін басталған процестерді соңына дейін жеткізу.
Негізгі реформалар
1. Демократияға атсалысу:
- Мемлекет басшысының реформасына сәйкес заңнамаға ҚР Президенті бір рет жетіжылдық мерзімге сайлану ережесі бекітілді. Яғни, Президенттің екі рет сайлану құқы жоқ. Бұл Қазақстандағы демократия қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік берді.
- Суперпрезиденттік өкілеттікті жоюға бағытталған конституциялық реформалар іске асырылды. Президенттің жергілікті атқарушы органдарға қатысты өкілеттігі шектеліп, оның Сенаттағы квотасы қысқартылды.
- Ресми саяси партияларды тіркеу шегі төрт есе, яғни 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетілді. Тіркеу ережелері жеңілдетілді.
- Ұлттық заңнаманы либерализациялау нәтижесінде «Республика» және «Байтақ» сияқты жаңа саяси партиялар тіркелді. Олар 2023 жылғы наурызда өткен Парламент сайлауында «Ақ жол», «Қазақстанның Халық партиясы» және «Ауыл» секілді танымал партиялармен қатар жеңіске жетті.
- Мәжілістің өкілеттігі едәуір кеңейтілді. Жаңа модельге сәйкес сайлау партиялық тізімдер мен бірмандатты округтер бойынша өтті. 2023 жылғы наурыздағы сайлау қорытындысы бойынша Парламенттен орын алған алты партияның үшеуі депутаттық мандаттарға алғаш рет ие болды, ал оның біреуі – оппозициялық партия.
- 2022-2023 жылдардағы сайлауларда еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының талаптарына сай келетін сайлауды реттеудің жаңа жүйесін жүзеге асыру арқылы Қазақстандағы саяси бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
- Сайлау кезіндегі партиялық тізімдерді жасақтау және парламенттік мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арнайы квота енгізілді.
- Қазақстан тарихында алғаш рет аудандық және қалалық деңгейдегі әкімдер сайлауы өткізілді. Бұл ауылдық округтер әкімдерінің шамамен 60 пайызын жаңартуға мүмкіндік берді.
- Өңірлік қаржыландыру ісін трансформациялау және жаңадан Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру есебінен жергілікті билік органдарының өкілеттіктері кеңейтілді. Жергілікті өзін-өзі басқару құқығы жергілікті билік органдарына берілді.
- Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік алды.
- Халықтың елді басқару ісіне және Қазақстанның болашақ дамуына қатысты идеологиялық, мәдени параметрлерді айқындайтын шешімдер қабылдау процестеріне қатысуын ынталандыру мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Ұлттық құрылтай болып қайта құрылды.
2. Құқық қорғау тетіктері:
- Реформалар адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтты. Соттардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды. Алқабилер соты қарайтын істердің санаттары кеңейтілді.
- Қазақстан адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық тетіктердің рөлін күшейтті. Елімізде Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен институты толыққанды жұмыс істейді. Аталған институт конституциялық мәртебеге ие болды. Сондай-ақ Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі, Бала құқықтары жөніндегі, Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары жөніндегі омбудсмендер тағайындалды.
- Конституциялық Сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды тетігі ретінде қайта құрылды. Қазақстан азаматтары оған тікелей жүгіне алады.
- Конституциялық Сот – Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін конституциялық бақылаудың жоғары органы. Конституциялық Сот түпкілікті шешім шығарады және оның шешімдерін, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты шешімдерді Президент те қайта қарай алмайды.
- Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар Конституциялық Соттың тиісті қорытындысы болған жағдайда ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылуы мүмкін.
- Конституциялық Соттың он бір судьясының алтауын, яғни көпшілігін Парламент палаталары тағайындайды. Ал төрағаны Президент тағайындағанымен, оған Сенаттың келісімі қажет.
- Петицияларды жариялау және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды. Бұл азаматтарға онлайн-өтініш беру арқылы өз пікірлерін білдіруге жол ашады. Мұндай тәжірибе Үкімет қызметіне ашық мониторинг жасауды қамтамасыз етеді.
3. Адам құқықтары және заң үстемдігі:
- Әлеуметтік кодекс қабылданды. Құжат халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санатына жататын азаматтарды жан-жақты қолдауға бағытталған. Қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы төлем бекітілді.
- Президент Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне толық сай келетін «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойды.
- Қазақстан өлім жазасын жойды және сотталғандардың денсаулығын сақтау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі азаматтық функцияларды Ішкі істер министрлігінен алып, Денсаулық сақтау министрлігіне берді. Қазақстан балалар мен мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ-ның факультативтік хаттамаларын ратификациялады.
- Азаптағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды, Азаптауларға қарсы күрестің ұлттық превентивті механизмі күшейтілді, азаптауларға және қатыгез іс-әрекеттерге қатысты заңнамалық анықтама енгізілді.
- Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Мұндай жағдайларда тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі заң жүзінде алынып тасталды.
- Ұлттық қордан балаларға арналған аударымдарды реттейтін заң қабылданды.
- Митингілер туралы жаңа заң қабылданды. Онда рұқсат алудың орнына, алдын ала ескерту тәртібі енгізілді. Нәтижесінде Қазақстанда бейбіт митингілер саны бірнеше есе өсті.
- БАҚ туралы заң қауіпсіз цифрлық кеңістік құру мақсатында реформаланды.