Әзербайжан, Баку қаласы
Қасым-Жомарт Тоқаев Сагиба Гафароваға ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Шын мәнінде, Қазақстан мен Әзербайжан – стратегиялық серіктес әрі одақтас елдер. Бүгін біз бұл мәртебенің мемлекеттер мен үкіметтер басшыларына ерекше жауапкершілік жүктейтінін атап өттік. Екі ел ынтымақтастығының мазмұны бай әрі перспективасы зор. Бірқатар бірегей жоба қолға алынды. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипаты туралы айтқан кезде, ең алдымен, мұнай мен газ, көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, индустрия және басқа да салалар ойға оралады, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Әзербайжан Милли Мәжілісінің Төрағасы парламентаралық байланысты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– Сіздің бүгінгі сапарыңыз елдеріміз арасында қалыптасқан достық, бауырластық қатынастардың дамуына ерекше үлес қосатынына сенімдімін. Қазіргі таңда біз стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы әңгіме қозғап отырмыз. Мен бүгінгі кездесулерде қоғамның әртүрлі салаларындағы қатынастарды дамыту жөнінде бірқатар маңызды мәселе талқыланғанынан хабардармын. Сондай-ақ екі елдің парламенттері арасында өте терең іскерлік байланыстар орнағанын зор мақтанышпен әрі ризашылықпен айта аламын, – деді Сагиба Гафарова.