Басты бетПрезидент ТРК және Al Jazeera серіктестігі: жаңа жоба жас журналистерді қанаттандырды

Президент ТРК және Al Jazeera серіктестігі: жаңа жоба жас журналистерді қанаттандырды

Президент ТРК және Al Jazeera серіктестігі: жаңа жоба жас журналистерді қанаттандырды

Астанада өтіп жатқан «Al Jazeera апталығы» аясында Қатар телекомпаниясының басшылары ҚР Президенті телерадиокешені ұжымымен кездесіп, Қазақстандағы ең ірі медиахолдингтің қызметімен танысты.
 

Шетелдік әріптестерге Президент телерадиокешені ресурстарының шығармашылық және техникалық мүмкіндіктері көрсетілді. Атап айтқанда, «Jibek joly», «Silk Way» және «Silk Way Cinema» телеарналары, «Kazinform» ХАА, деректі кино орталығы таныстырылды.

Кездесуге қатысушылар ҚР Президенті ТРК және Al Jazeera Media Network ұйымдастырған MNU халықаралық журналистика мектебіндегі «Al Jazeera апталығы» туралы пікір алмасты.

Al Jazeera телекомпаниясының басшысы, доктор Мостефа Суаг бұл іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Шара барысында Қатар телеарнасының мамандары қазақстандық студенттер мен журналистерге заманауи медианың өзекті мәселелері бойынша бір апталық тренинг өткізеді.

– Астанада өткізілген күндер маңызды оқиғаларға толы және жемісті болды деп есептеймін. Тренинг жоғары деңгейде ұйымдастырылған, қатысушылар белсенділіктерімен және біздің телекомпанияның стандарттары мен стиліне деген қызығушылықтарымен таң қалдырды. Сіздерде де журналистика мектебінің дәстүрі берік, әлемдік үрдістерге ілесіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл ретте мен елдеріңіздің сұлулығын және оның туризм саласындағы зор әлеуетін атап өткім келеді, - деді Мостефа Суаг.

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл ақпанда Қатарға мемлекеттік сапары аясында Президент телерадиокешені мен Al Jazeera арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

- Телерадиокешеніміздің қатарлық әріптестермен бірлескен жобалары білім беру және ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Бұл біздің елдеріміздің аудиториясына аймақтық жаңалықтарды көбірек білуге, сондай-ақ журналистердің медиа саласы трендтері мен тенденцияларына сәйкес дайындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Al Jazeera-мен бір апта» атты алғашқы бірлескен жобамыздың нәтижесі шабыттандырмай қоймайды. Ынтымақтастығымыздың келесі кезеңі контентті бірлесіп жасау және алмасу бағытындағы да жобалар болмақ, - деп атап өтті Президент ТРК директоры Раушан Қажыбаева.

«Al Jazeera апталығы» қатысушыларына «Жаңалықтар репортажы», «Деректер журналистикасы», «Мобильді журналистика», «Цифрлық сторителлинг» және «Жаңалықтар жүргізушілерінің курстары» сияқты тақырыптарда 100 сағаттан астам теориялық және практикалық сабақтар берілді.

Мұндай оқыту Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия аймағында да жүргізіліп жатыр. Дәріс курсының соңында студенттер оқу бағыттарының әрқайсысы бойынша курстық жобаларды қорғайды, сондай-ақ Al Jazeera Media Institute сертификаттарын алады.

Айта кетсек, ҚР Президентінің телерадиокешені Қазақстандағы ірі медиа-компаниялардың бірі, оның құрамына Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары, «Kazinform» халықаралық ақпараттық агенттігі, Деректі фильмдер орталығы кіреді.

Al Jazeera телекомпаниясы 1996 жылы Қатар Әмірінің бұйрығымен құрылған. Телекомпания әлемнің көптеген елінде араб және ағылшын тілдерінде хабар таратады және 50-ден астам шетелдік бюросы бар. Деректі фильмдері Al Jazeera Documentary арнасында көрсетіледі.

Бұған дейін Maqsut Narikbayev университетінің Халықаралық журналистика мектебінде «Al Jazeera Week» - «Al Jazeera апталығы» салтанатты түрде ашылған болатын.