Басты бетПрезидент SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесті

Президент SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесті

Президент SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесті

Сингапур

Кездесуде SOVICO Group компаниясының Қазақстан экономикасындағы түрлі секторға әлеуетті инвестор ретінде қатысу перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысының пікірінше, SOVICO Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын сатып алуға ниет білдіруі вьетнамдық конгломераттың біздің өңірде азаматтық авиацияны дамытуға қатысты аса маңызды жоспары бар екенін көрсетеді.

Нгуен Тхань Хунг компанияның Қазақстандағы бірнеше әуежайды басқаруға алу, сондай-ақ логистикалық қоймаларға инвестиция құю ісіне қызығушылық танытатынын жеткізді. SOVICO компаниялар тобының құрамына кіретін Vietjet Air авиакомпаниясы еліміз арқылы жүк және жолаушылар тасымалдайтын әуе рейстерінің санын біртіндеп көбейтіп келеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Вьетнам мен Сингапур инвесторлары қатысатын үшжақты серіктестік құру ұсынылды. Аталған бастама авиация, тау-кен өнеркәсібі, жаңартылатын энергия көздері, «ақылды қалалар» және активтерді басқару секілді түрлі салалардағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге бағытталған.

Мемлекет басшысы компанияның әртараптандырылған бизнес жүргізуде тәжірибесі мол екенін ескеріп, өзара тиімді ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Кездесу барысында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен SOVICO компаниялар тобына кіретін Aviation Holdings Company арасында Qazaq Air авиакомпаниясын сатып алу шарттарына қатысты міндет жүктейтін ұсынысқа қол қойылғаны жөнінде хабарланды. Алдын ала жасалған уағдаластықтарға сәйкес инвестор 5 жыл ішінде Boeing 737-Max8 және Airbus A320/321 модельді кемінде 20 ұшақ әкелуді жоспарлап отыр. Сатып алу-сату шартына қол қою және мәмілені аяқтау жұмыстары жақын арада іске асырылмақ.

Сонымен қатар Қазақстан-Сингапур бизнес форумы аясында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен SOVICO Group арасындағы Стратегиялық серіктестік жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.