Басты бетМемлекет басшысы Қазақстан-Сингапур ректорларының «Ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестікт...

Мемлекет басшысы Қазақстан-Сингапур ректорларының «Ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестіктің жаңа шыңы» атты форумына қатысты

Мемлекет басшысы Қазақстан-Сингапур ректорларының «Ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестіктің жаңа шыңы» атты форумына қатысты

Сингапур

Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, білім мен ғылымды дамыту еліміздегі мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы саналатынын атап өтті.

– Бүгінгі форумның екі ел ынтымақтастығы үшін маңызы зор. Бұл шара Қазақстан мен Сингапурдың білім және ғылыми-зерттеу салаларындағы ықпалдастығын бұдан да жоғары деңгейге шығаруды көздейді. Кеше Сингапурдың Президентімен және Премьер-министрімен ғылым, білім, халықаралық байланыстар сияқты екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша өте мазмұнды келіссөздер жүргіздім. Қазақстанның барынша ашық, тұрақты нарықтық экономикаға көшуі қарқынды және орнықты білім беру стандарттары мен цифрлық трансформацияны қажет етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу, халықаралық институттармен бірлесіп ұдайы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін елімізге дәйекті тәсіл қажет екенін айтты.  

– Соңғы бірнеше жылда біз беделді 19 университетпен стратегиялық альянс құрдық. АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және Германия университеттері елімізде өз филиалдарын ашты. Сондай-ақ Қытай, Түркия, Италия және және басқа да мемлекеттердің университеттері Қазақстанға қызығушылық танытып отыр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Қазақстан мен Сингапурдың тиісті ведомстволары арасында Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын айтты.

– Бұл динамика басқа да бірқатар құжатты қабылдау, соның ішінде Наньян технологиялық университетімен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою арқылы жалғасады. Бұл меморандум Қазақстан үшін маңызы зор су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған. Су – ауыл шаруашылығынан  өнеркәсіпке, денсаулық сақтаудан қоршаған ортаға дейінгі өміріміздің барлық аспектісіне әсер ететін өте маңызды ресурс. Су ресурстарын тиімді басқарудың орнықты даму мен экономикалық тұрақтылық үшін мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның «Болашақ» бағдарламасы арқылы Сингапурға зерттеушілер мен ғалымдарды жіберуге ниетті екенін айтты. Оның айтуынша, аталған бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері 12 мыңнан астам қазақстандық студент әлемнің үздік университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Оның ішінде 72 отандасымыз Сингапурда оқыған.

– Әлі де көптеген қазақстандық студент сіздердің ғажап еліңізде тәжірибе алмасу, білім алу мүмкіндігіне ие боларына сенімдімін. Жыл сайын біз зерттеу жұмыстарын жүргізуге 500 стипендия бөлеміз. Сингапурға келетін қазақстандық ғалымдар санының көбейе түскенін қалаймыз. Білім мен ғылым – прогресс пен инновацияның негізі. Осы салаларға көңіл бөле отырып, біз еліміздің болашағына инвестиция саламыз. Сингапурмен арадағы серіктестік халықаралық ынтымақтастықтың дамуға және халықтарымыз үшін мүмкіндіктерге жол ашуға ықпал ететінін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар форумда Сингапурдың Білім министрі Мұхаммед Малики Осман және Сингапур ұлттық университетінің президенті, профессор Тан Энг Чие сөз сөйледі.

Шараға Қазақстан мен Сингапурдың жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының 150-ден астам өкілі қатысты.