Елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльді «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.
Салтанатты қарсы алу рәсімінен соң президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізу үшін Шығыс залына барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің шақыруын қабыл алып, елімізге сапармен келгені үшін кореялық әріптесіне алғыс айтты. Сондай-ақ мұны екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген шынайы ниеттің айқын көрінісі деп бағалайтынын жеткізді.
– Бүгінгі сапардың қос тарап үшін де мән-маңызы зор. Корея Республикасы – біз үшін сенімді серіктес әрі стратегиялық әріптес. Екі елдің достық дәстүрге негізделген қарым-қатынасы тереңнен тамыр тартады. Біз барлық деңгейде тығыз байланыс орнаттық. Күн тәртібіндегі мәселелер іскерлік рухта және сындарлы негізде шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бұл – ортақ күш-жігердің жемісі. Ауқымды экономикалық жобаларды іске асырдық. Инвестициялық ықпалдастық жылдан-жылға нығайып келеді. Қазір Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз қарқынды дамып жатыр. Қазақстандағы корей диаспорасы бұл үдерісте маңызды рөл атқарады. Оны екі халықтың арасын жалғап отырған алтын көпір деуге болады. Біз осы жетістіктерді еселеп, қазақ-корей ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз. Бұл сапар екі елдің ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Юн Сок Ёль екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 15 жылдығы қарсаңында Қазақстанға сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Көптеген кореялық компания Қазақстан экономикасына инвестиция құйып, жұмыс орындарының ашылуына және өнеркәсіптің өркендеуіне ықпал етіп отыр. Бұдан бөлек, кореялық инвесторлар Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы, бу-газ электр станциясының құрылысы сияқты ірі жобаларға қатысып, Қазақстанның ұлттық инфрақұрылымын дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Біз аса маңызды шикізаттарды игеру, атом энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері секілді перспективті бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Жалпы, екі мемлекеттің ықпалдастық көкжиегін кеңейтетін уақыт келді. Осы сапар алдында Үкімет Кореяның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы туралы K-Silk Road бастамасын жариялады. Бұл – Кореяның Орта Азияға қатысты алғашқы дипломатиялық стратегиясы, – деді Корея Республикасының Президенті.
Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Президентінің Кореяға сапары кезінде екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін тағы да растады. Сондай-ақ осы байланыстарды саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша одан әрі нығайта түсуге өзара ниет білдірді.
Бұдан бөлек, президенттер өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Кореяның халықаралық деңгейдегі көптеген мәселелерге қатысты ұстанымы ұқсас екенін атап өтіп, әлемдегі геосаяси қайшылықтардың шешілуіне екі ел орта державалар ретінде өз үлестерін қоса алатынын мәлімдеді.