Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кэтрин Тайдың сапары Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы отыз жылда екі ел сауда, инвестиция, қауіпсіздік, адам құқықтары және демократия секілді көптеген салада стратегиялық серіктестікті нығайтты.
– Сіздің еліңіз – Қазақстан экономикасындағы ірі шетелдік инвесторлардың бірі. Тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 65 миллиард доллардан асады. Былтыр екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 4,1 миллиард долларға жетіп, 30 пайыздық өсім көрсетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазіргі уақытта Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Мен инвестициялық тартымдылықты жақсартуға, экономиканы ырықтандыруға және өнеркәсіпті дамытуға баса мән беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
АҚШ-тың Сауда өкілі Кэтрин Тай құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ сауда байланыстарын дамытуға және экономикалық ықпалдастықты нығайту үшін қажетті жағдай жасауға, соның ішінде Сауда және инвестициялар жөніндегі негіздемелік келісімді жүзеге асыруға қатысты жаңа тәсілдерді бетпе-бет талқылауға мүмкіндік бергеніне ризашылығын білдірді.