Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені көрермен назарына «Армандар орындалатын Астана» атты жаңа деректі фильмін ұсынады. Бұған дейін елорда туралы біраз фильм түсірілді. Ал бұл жобаның бұрынғылардан не өзгешелігі бар дерсіз? Өзгешелігі сол, мұнда «Астана өмір сүруге қолайлы қала ма?» деген сұраққа жауап ізделеді, еш жасандылықсыз жауап ізделеді. Қолайлылық деген не? Ол көздің жауын алатын көп ғимаратпен өлшенбейді. Ол тұрғындардың басыбайлы баспанасының болуы, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі сияқты дүниелермен өлшенеді. Тіпті, үйдің жылылығы мен краннан ағып тұрған судың тазалығы да - қолайлылықтың өлшемдері. Ал бас шаһарда бұл мәселелер қалай шешіліп жатыр? Жаңа деректі фильмде осындай маңызды сұрақтар бойынша қала тұрғындарының пікірі және қала әкімі бастаған жауапты мамандардың жауабы қамтылған.