Жапония, Токио қаласы
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юрико Коикэ цифрландыру, Smart city технологияларын және қаланы орнықты дамыту, жасанды интеллект, шаһарды басқару ісіне инновациялық шешімдерді енгізу салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар мегаполистердің тұрғындары мен қонақтары үшін анағұрлым жайлы, экологиялық тұрғыдан таза, қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру жайын қарастырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Токио губернаторы Юрико Коикэ Қазақстан және Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Мемлекет басшысы қаланы басқару ісіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екеніне тоқталды.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио қаласының Smart city тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды, шаһарды басқару тиімділігін арттыруды және орнықты даму үшін озық технологияларды пайдалануды көздейді.

Президент Токионың Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығын аралап көрді. Бұл азаматтық қорғаныс пен қаладағы қауіп-қатерлердің алдын алудың негізгі жүйесі саналады.
Орталықтың басты міндеті – қаладағы ахуалға ұдайы мониторинг жүргізу, төтенше жағдай кезінде билік органдарының іс-әрекетін үйлестіру, ықтимал қатер мен орын алған апаттар (жер сілкінісі, тайфун, су тасқыны, ірі техногендік апаттар, лаңкестік актілер) туралы ақпараттарды талдау. БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимылға баса көңіл бөлінеді. Бұл жұмыспен тәулік бойы мониторинг жүргізетін арнайы бөлімше шұғылданады. Ал күнделікті өмірде кешен дағдарыс жағдайларын басқару жүйелерін жоспарлау және жетілдіру, азаматтық қорғаныстың өңірлік жоспарын әзірлеу, оқу-жаттығу жиындарын дайындау және өткізу, халықты құлақтандыруға, апаттардың салдарын жоюға арналған ақпараттық жүйелерді дамыту ісімен айналысады.







